Апатқа байланысты Бас Прокуратура сотқа дейінгі тексеру жұмысына кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апатқа байланысты Бас Прокуратура сотқа дейінгі тексеру жұмысына кірісті

29.10.2023

Апатқа байланысты Бас Прокуратура сотқа дейінгі тексеру жұмысына кірісті. Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі, яғни, «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша тергеу басталды. Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. 

Оның құрамына құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары енді. Апаттың нақты себептерін анықтауға әлі де уақыт керек. Ал мамандардың алдын ала болжамдары қандай? Келесі бейнематериалда. 

Апат болған жерде кешеден бері құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан, Костенко шахтасының аумағына түсірілім тобының өтуіне рұқсат жоқ. Ал, сондағы мамандардың айтуынша, апат 27-ші қазанда түнгі сағат 2 жарым кезінде болған. Шахтада алдымен өрт болып, соңы жарылысқа ұласқан. Болжам бойынша, лавада метан газы жарылған.

Виктор Гафиулов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

Негізі, алдыңғы ауысым өз жұмысын атқарған кезде шахтада газ мөлшерінің көбеюі байқалмаған. Арнайы қойған дабыл құрылғылары қалыпты жағдайды көрсетіп тұрған.

Жарылыстың жойқын болғаны соншалықты оның толқыны 2 шақырымға дейін жеткен.

Геннадий Силинский, Апаттық-құтқару қызметтері Қарағанды филиалы директорының орынбасары:

Бастапқыда 42-ші және 45-ші учаскелер арасында өрт болған. Дереу құтқару қызметі шақырылып, адамдарға сыртқа шығуға хабар берілген. Бірақ 7-8 минуттан кейін үлкен жарылыс болған.

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Ал, бұл шахтада 9-қазанда тексеру басталған. Ол 30-қазанда аяқталуы тиіс еді. Яғни, тексеру жұмысы жүріп жатқан кезде осындай оқыс оқиға болып отыр.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Осы шахта былтыр да тексерілген. Сол кезде 171 нысаннан 212 кемшілік анықталған еді. Бірақ, осы апатты нақты солардың салдарынан болды деп айтуға әлі ерте, толық тексеру жүргізу керек.

Тексеру кезінде табылған кемшіліктердің негізгісі газ мөлшерін бақылаудың сапасыздығына қатысты. Яғни, осы тұрғыда тиісті бақылау болмаған. Осында жұмыс істейтін кеншілердің жақындары да шахтаның жағдайы нашар екенін айтты.

Светлана Попова, кеншінің жары:

Қондырғылардың барлығы ескі. Оларды баяғыда ауыстыру керек еді. Ешкімге керек емес. Менің күйеуім жұмыста жүрген еді. Аман қалыпты шүкір деймін. Қазір ауруханада.

Құтқару жұмыстарына 55 құтқарушы мен 15 техника жұмылдырылған. Бірақ, жұмыс оңай емес. Себебі, 700 метр тереңдіктегі кей учаскелерді су басып қалған. Жарылыс салдарынан жер астындағы электр энергиясы өшірілген. Ал, электр энергиясы жер су сорғы құрылғыларына қажет. Одан бөлек, жер қыртыстары қопарылып, жолдар жабылған. Үйінділер арасынан табылып жатқан қаза тапқандардың денелері жер бетіне шығарылғанымен олардың кім екенін анықтау да қиын болып жатыр.

Мұрат Молдахмет, Теміртау қаласының тұрғыны:

Бұл енді үлкен қиын жағдай болды, қатты, ауыр жағдай боп жатыр. Тарығып отырмыз, не дейміз қаншама жанұя, қаншама халық, қаншама бала.

Амантай Жылтыров, кенші:

Өзімде осы шахтада 40 жыл болды істегеніме. Датчиктар бар шахтыда. Олар егерде метанның проценті көбейіп қалса сол датчик оборудвание барлығын сөндіріп тасатйды. Ал, бұл лавада секциялардың артында жанған. Олар ескертіп үлгере алмаған.

Қарағандыда жалпы 8 көмір шахтасы бар. Оларда 16 мыңдай кенші еңбек етеді. Апаттан кейін жұмыс уақытша тоқтатылған. Ал, Костенко атындағы шахта аймақтағы ең үлкені. Мұнда жылына 1,5 миллион тоннаға дейін көмір өндіріледі.

Аманкелді Сейтхан 

Хабарламаларға жазылу