24 адамға жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 адамға жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп жатыр

29.10.2023

Костенко шахтасында зардап шеккен 28 адамның 24-і ем қабылдап жатыр. Кеше түнде 2 адам Шахтинск қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілген. Уытты газбен уланған науқастар терапия бөлімшесіне жатқызылған. Жағдайлары орташа ауырлық дәрежесінде. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова айтты. Дәрігерлерге жүгінген тағы 4 адам қабылдау-диагностикалық бөлімшелерінде тексеріліп, амбулаториялық ем қабылдауға жіберілген. Ал, токсикология бөлімшесінде жатқан 20 адамның жағдайы тұрақты.

Бибігүл Төлегенова, Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бір адам ашық ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай аймағындағы көгерген жаралары мен бірнеше қабырғасы сынып, профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімінде. Оң жақ жамбас сүйек қанатының жабық сынуы, сол жақта сыртқы тобықтың жабық сынуы бар. Екі өкпе де соғылған, жағдайы ауыр тұрақты, есін біледі. Травматикалық шок құбылыстары регрессияланған. Бір адам травмотология бөлімшесінде, сол жағында пневмоторакс, жағдайы орташа ауырлықта.

Ауруханаға түскен барлық науқасқа жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты, дейді дәрігерлер. Республикалық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен нейрохирургия ғылыми орталығынан келген мамандар зардап шеккендермен жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, облыстағы штаттан тыс мамандар да тартылған.

Асылбек ДАНИЯР


костенко шахта апаты шахта қарағанды қарағанды шахтасы шахтадағы апат медицина

Хабарламаларға жазылу