Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына 41 медаль түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына 41 медаль түсті

27.10.2023

Қытайда өтіп жатқан Пара Азия ойындарында Қазақстан қоржынына қырық бір медаль түсті. Бүгін тас жолдағы веложарыстан Кенжеғұл Сейтжан мен Антон Лаврентьев бірге үздік үштікке ілігіп, қола жүлдеге ие болды. Бұл – сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан осы Азиададағы екінші медалі. 

Бұдан бөлек, волейболдан отырып ойнаудан Қазақстан ерлер құрамасы финалға дейін сүрінбей жетіп, соңғы бәсекеде Иранға 0:3 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, қазақстандық параволейболшылар күмісті қанағат тұтты.

Ал жүзуден Нұрдәулет Жұмағали бүгін Пара Азия ойындарындағы екінші алтынын жеңіп алды. Қазақстандық жүзу шебері 200 метрді 2 минут 16 секундта жүзіп өтіп, Азияданың рекордын жаңартты. Ол осыдан екі күн бұрын да 100 метрге брасс әдісімен жүзуде мәре сызығын бірінші болып қиып, чемпион атанған болатын. Пара Азия ойындары ертең аяқталады. Бейресми жалпы командалық есепте Қазақстан 8 алтын, 12 күміс, 21 қоламен тоғызыншы орында тұр.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу