Карнеги Холлда халық әртісі Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Карнеги Холлда халық әртісі Айман Мұсақожаеваның шығармашылық кеші өтті

20.10.2023

Нью-Йорктегі Карнеги Холлда Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен халық әртісі Айман Мұсақожаеваның концерті өтті. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Грэмми иеленген америкалық композитор Лоуэлл Либерман бірге өнер көрсетті.

Көрермен Тілес Қажығаливтің «Қыз қуу» және «Дала аңызы» шығармаларын үлкен қошеметпен қабылдады. Айман Мұсақожаеваны еліміздің жетекші музыкалық ұжымдардың бірі Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі және белгілі композитор Лоуэлл Либерман фортепианода сүйемелдеді.

Сэм, көрермен:

Мұндай концертке бірінші рет келіп тұрсам да маған өте ұнады. Скрипкашының өнеріне тәнті болдым. Осында келгенім дұрыс болыпты.

Ассоль Мұхамеджанова, көрермен:

Мұндай кештен қалып қойғым келмеді. Өзіміздің әйгілі скрипкашымызды қолдап, жерлестермен жүздесу үшін арнайы келдім. Тамаша классикалық музыкадан ләззат алдым. Өте керемет.

«Carnegie hall» - классикалық музыка орындаушылары үшін әлемдегі ең беделді өнер ордаларының бірі. Сондықтан Нью-Йорктің басты сахнасына шығу кез келген музыкант үшін ерекше құрмет саналады.

Лоуэлл Либерман, композитор:

Америкадағы біз Қазақстан туралы, ол жақта болып жатқан керемет мәдени жаңалықтар мен тың бастамалар туралы білеріміз аз. Классикалық музыкаға Айман Мұсақожаева сынды адамдар мен Қазақстан Үкіметі үлкен қолдау көрсетіп отырғанын байқадым. Осындай кештер Америка мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өзара мәдени көпірлерді құру үшін өте маңызды деп ойлаймын.

Қазақ әртістері БҰҰ Бас штаб пәтерінде де концерт қойып, Абай шығармаларын орындады. Жалпы, халықаралық турне аясында АҚШ-та екі күн аялдаған өнер ұжымы жергілікті жұрттың назарына қазақстандық және шетелдік композиторлардың танымал шығармалары қамтылған ауқымды концерттік бағдарлама ұсынды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу