Кентауға жылу мерзімінде беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентауға жылу мерзімінде беріледі

17.10.2023


Кентауға жылу мерзімінде беріледі. Бүгін Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Кентау қаласына арнайы барып, жылу орталығын көрді. Сондай-ақ, өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, индустриалды аймақтың бүгінгі ахуалымен де танысты. Толығырақ өңірдегі тілшіміз тарқатады.

Кентаудағы жылу электр орталығындағы 6 қазандық соңғы 10 жылда күрделі жөнделмеген. Бұл жұмыстарға биыл қазынадан қыруар қаржы бөлініп, қазандықтар жөндеуден өтті. Орталықтың жағдайын көзбен көрген Үкімет басшысы облыс әкімдігіне жылыту маусымының қалыпты өтуіне барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Алдымыздағы жылыту маусымына дайындық мәселесін ерекше назарда ұстап отырмыз. Бұл орталықта соңғы он жылда болмаған алғашқы күрделі жөндеуден алты қазандық өтіп жатыр. Соның төртеуі алдыңғы жылыту маусымына толығымен дайын. Бірінші, қарашада өзінің жоспары бойынша жылыту маусымына кіреміз. Ешқандай проблема болмайды. Бірақ, жалпы Кентаудағы жылу энерго орталығы алдымыздағы жылыту маусымына дайын деп айтуға болады.

Кентауда жылыту маусымы жоспар бойынша 1-ші қарашадан басталады. Сонымен қатар, қосымша екі қазандық жыл соңына дейін жөнделіп бітеді.

Әлихан Смайылов, сондай-ақ, Түркістан қаласында салынып жатқан 570 орындық көпсалалы аурухананың құрылысын көрді. Іргетасы 2019 жылы қаланған нысан өткен жылы тапсырылуы тиіс еді. Алайда қаржы тапшы болып, құрылыс екі жылдай тоқтап қалды. Қазір жұмыс қайта жанданды.

Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

Әзірге бізге министрліктен бекітілгені бойынша 49 нысан салуға келісім беріліп отыр. Жоба құны 11 млрд теңге. Бұл 49 нысандар 2024-ші жылы басталып, жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бірақ, 73 нысан әзірге қолдау тапқан жоқ. Ол жерде біз қосымша 18 млрд қаражат сұрап отырмыз.

Өңірде 9 индустриалды аймақ орналасқан. Одан өзге, «Түркістан» халықаралық әуежайы тасжолы бойында 11 дайын өндіріс алаңы бар жаңа индустриалды аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Үкімет басшысы мұнда жиһаз жасап, шұлық шығаратын және заманауи мектеп парталарын өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Жаңа нысан алдағы қараша айында тапсырылады.

Омар Бақтыгереев, кәсіпкер:

Мұның пластмасы да, темірі де, бетіндегі тақтайы да – барлығы өзімізде өндіріледі. Барлық технологияны роботтық жүйеге айналдырдық. 800 мың долларға құрылғылар алынды. Меморандумға қол қойылды. Еліміз бойынша мектептерге жеткіземіз. Роботтық жүйеге көшкенде айына 15 мың дана парта мен орындық шығаруға мүмкіндігіміз бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Осындай өндіріс нысандары өте маңызды. Неге десеңіздер бұл жерде тиісті инфрақұрлым бар. Басқа да мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Оның үстіне біз жиһаз өндірісін былтырдан бастап мемлекеттік сатып алуда басымдық беріп отырмыз. Басқа да мемлекеттен тиісті қолдау шаралары берілетін болады. Сондықтан осындай өнідірістерді ары қарай дамыту өте маңызды.

Түркістан облысында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Премьер-министр облыс басшысына индустриалды аймаққа инвесторларды тартып, жиһаз кластерін дамытуды тапсырды.



Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу