Бала жүрегі -күйсандық. Күйсандықтың кілтін тапқан ғана аша алады. Бұл қағиданы берік ұстанып, ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі- білім саласына отыз бес жылын арнаған Үмітжан Еңсебаева. Бала тәрбиесінен бір сәтке де қол үзбеген ерен еңбек иесімен тілішіміз кездесті.
Ұлағатты ұстаз отыз жыл бойы осы ұстанымынан тайған емес. Бала тәрбиесінен бір сәтке де қол үзбеген Үмітжан Еңсебаев алдына келген талай оқушының талантын ұштап, талабын шыңдады. Жылдар бойы білген-түйгенін әдістемелік оқу құралдарына жинақтап, үйретуден жалыққан емес.
Үмітжан Еңсебаева қазір білім саласында бұрын соңды болмаған оң өзгерістерге шын қуанатынын айтады. Ұстаз мәртебесі лайықты бағаланып, ұлағатты жандардың мерейі өсті. Жалақы көбейіп, қағазбастылықтан құтылды. Мұғалімнің бар зейіні қазір оқушыда дейді ол.
Үмітжан Еңсебаева, №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі:
Осыған дейін мұғалімнің неше жыл еңбек өтілі болса да, өз пәнінен және педагогикадан тест тапсыратын. Ал қазіргі таңда 30 жыл еңбек еткен мұғалімдер біліктілігін растап, алған кезде тек қана портфолия тапсырады. Электрондық түрде. Бұл да мұғалім үшін үлкен жетістік.
Степногорск қаласындағы №4 мектеп-лицей-интернатында қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазды әріптестері де үлгі тұтады. Оның сабақ беру тәсілі, баланың тілін тауып оқу-білімге бейімдеуі, құлшынысы өзгеше,-дейді олар.
Айман Жәкішева, №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты директорының орынбасары:
Ол кісі маман ретінде өте дарынды. Өзі де талантты. Шығармашыл ұстаз. Үнемі ізденімпаз. Ізденіс үстінде жүретін ұстаз. Өзінің білімімен, жетістіктерімен әріптестерімен де, шәкірттерімен де бөлісу үстінде.
Отыз жылда мыңнан аса шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаздың мақтанышы - оқушылары. Бүгінде олар білікті маман атанып, елге адал қызмет етіп жүр.
Ұмсындық Наурызбаева