Астана тұрғындарының өмірін жақсарту үшін не істей аламыз? Елорданың 200-ден астам үкіметтік емес ұйымының қатысуымен өткен он бірінші Азаматтық форумда осы мәселе талқыланды. Шара қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «КАМЕДА» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған. Қатысушылар «Құқықтық мемлекет құру үшін билік пен қоғамның серіктестігі» тақырыбында пікір алмасады.
Форумның мақсаты жергілікті қоғамдастықтардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту болып табылады. Жиын үш сексацияда өтеді.
Айдана Қамзаева, қалалық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:
Астана қаласында үш мыңнан аса үкіметтік емес ұйым бар. Оның ішінде мыңға жуығы белсенді. Біз үкіметтік емес ұйымдармен тікелей қарым-қатынас орнату мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейміз. Биыл 55-тен аса әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.
Форум аясында елордалық үкіметтік емес ұйымдар арасында халықтың түрлі топтарын ақпараттандыруға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған әлеуметтік жобалардың үздік бейнероликтеріне жарияланған байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Үздік 10 ұйымға 500 000 теңге сомасында гранттар бөлінген. Соның бірі – «Мықты аналар» қорының басшысы Райгүл Серікбаева.
Райгүл Серікбаева, «Мықты аналар» қорының басшысы:
Мысалы бізге күн сайын түрлі сұрақтармен отбасылар келеді. Бірі үй кезегіне тұра алмайды, бірі ЭЦҚ аша алмайды, біреуінің жолдасы алимент төлемейді, біреуіне психологиялық көмек керек. Соған біз көмек беруге тырысамыз.
2003 жылдан бері өтетін Азаматтық форум 2 жыл сайын өтсе, биылдан бастап жыл сайын өткізіледі. Астана қаласы өңірлер бойынша биылғы шараның нүктесін қойды. Ал, он сегізінші қазанда республикалық азаматтық форум өтеді. Жалпы, аймақтарда көтерілген ең өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар жауапты министрліктерге жіберіледі.
Асылбек Данияр