Еліміздің білім саласында үлкен реформалар жасалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің білім саласында үлкен реформалар жасалып жатыр

12.10.2023

Еліміздің білім саласында үлкен реформалар жасалып жатыр. Бұл- қырық жылға жуық ұстаздық етіп жүрген Наталья Лидің пікірі. Химия пәнінің мұғалімі «педагог» мәртебесі туралы заң қабылданып, мұғалім болғысы келетіндер үшін талаптың күшейгені бәрімізді қуантты дейді. Мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстазбен әріптесім Нұрсұлтан Тілектес арнайы кездесті.

Наталья Ли еңбек жолын 1985 жылы қазіргі Жетісу облысында бастаған. Ал, бүгінде Қонаев қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектепте химия пәнінен дәріс береді. Ұстаздың айтуынша, білім саласында оң өзгеріс көп.

Наталья Ли, А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің химия пәні мұғалімі:

Қазір көп нәрсе өзгерді. Осы күнге дейін бәрімізді жалақы мәселесі толғандырған еді. 2020 жылдан бастап айлығымыз екі есеге өсті. Бұл шыны керек, еңбегіміздің бағаланғаны. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңның арқасында қағазбастылықтан арылдық. Қазір барлығы электронды нұсқада жасалады. Арамызда жас ұстаздар көбейді.

Әріптестерінің пікіріне сүйенсек, ардақты ұстаздың білім беру тәсілі, әр сабаққа құлшынысы бәріне шабыт сыйлайды. Әсіресе, жас мамандарға үлгі. Наталья Ли тек мұғалім емес, ғылыми ізденіс жолында жүрген зерттеуші.

Забираш Мұқажанова, А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің мұғалімі:
Наталья Николаевна - нағыз өз ісінің маманы. Жүрегі мектепке байланған десем де болады. Ешқашан шаршадым деген кезін көрген емеспін. Отбасында аяулы ана, адал жар. Осындай ұстаздардың ортамызда болғаны бәрімізге үлгі. Шабыт сыйлайды.

Наталья Ли тәрбиелеген шәкірт саны мыңнан асады. Тынбай еңбектеніп жүрген ұстаз мемлекет тарапынан қолдау барда жұмысқа деген ынта-жігер де арта беретінін алға тартады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу