Үкімет мүшелері - Жамбыл облысында

27.02.2014
Үкімет мүшелері - Жамбыл облысында
Бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Жамбыл облысына іс сапармен барды. Үкімет өкілдері өңірдің білім беру және медицина саласындағы бірнеше мекемелерде болып, алда атқарылар істер жайын пысықтады. Еліміздің бас ұстазы облыс әкімімен білім саласындағы мақсатты көрсеткіштер мен нәтижелердің жетістігі туралы меморандумға қол қойды.
 
Бүгінде өңірдің медицина саласында ілгерілеу басым. Жетістік те бар. Былтыр Таразда балалар ауруханасы, кардиоорталық ашылды. Жүрек, бүйрек, қатерлі ісік дертіне тұңғыш рет озық тәсілдермен операциялар жасалып жатыр.
 
Биыл облыстық перзентхана мен қан орталығының құрылысы аяқталғалы отыр. Осылайша денсаулық сақтау саласын реформалаудың бірінші кезеңі қорытындыланды. Емдеу мекемелерінің материалдық жағдайы жақсарды. Алда әлі де ауқымды тірліктер атқарылмақшы.
 
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Аурудың алдын алу мәселелеріне көшіп жатырмыз. Сондықтан да емханалардың жұмысында адамдарды қабылдау, оларға медициналық скрининг жасау мәселелеріне көп көңіл бөлеміз.
 
Биыл өңірде 6 балабақша, 8 мектеп пен 1 колледждің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі отыр. Бірақ, соған қарамастан білім саласында әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік.
 
24 апатты жағдайда тұрған және балалар үш ауысыммен оқитын екі білім ошағын жаңарту қажет. 34 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
 
Осы мәселелерді кешенді түрде шешу үшін, бүгін облыс әкімі мен Білім және ғылым министрі меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында алдағы үш жыл ішінде атқарылуы тиіс тірліктер нақтыланып, оны жүзеге асыру тетіктері мен жолдары белгіленді.
 
Аслан Сәрінжіпов, Білім және ғылым министрі:
Орта білім беру деңгейінде басты мақсат - 2015 жылдан бастап жаңа бағдарлама енгізу. Жаңа бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесіне сүйеніп жасалады.
 
Сапар барысында Үкімет басшысының орынбасары мен Білім және ғылым министрі жоғары және орта арнаулы оқу орындары ұстаздарымен де кездесті. Елбасы Жолдауында айтылған келелі мақсаттарға жету жолдары жөнінде пікір алмасты.
 
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
 
 

Хабарламаларға жазылу