Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіледі

10.10.2023

Отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілмек. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының биылғы ауа райы қолайсыздығынан зардап шеккен шаруаларға көмек беру жайы талқыланды. Форвардтық сатып алу аясында «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасын 3-ші класты бидай үшін 120 мың теңге және 4-ші класты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Сонымен бірге, форвардтық сатып алу және тауарлық несие бойынша фермерге міндеттемелерді айыппұл төлемдерінсіз ақшалай қаражат арқылы немесе 1,05% не 5% коэффициент бойынша 3 класты бидайды 4 класқа ауыстыру арқылы орындауға мүмкіндік беру жайы да қаралды. Міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін банк сыйақыларын 3% көлемінде өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру керек, дейді. Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік комиссия мүшелері ұсынылған шараларды қолдады. Үкімет басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету жөніндегі жұмысты дереу бастауды тапсырды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу