Астанадағы мемлекеттік органдардың экс басшылары пара алғаны үшін сотталды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының экс-бастығы 5 жылға сотталды. Ол Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионды апатты деп тану туралы құжаттаманы келіскені үшін құрылыс компаниясы өкілінен 5 миллион теңге сомасында пара алды деп айыпталды. Құрылыс басқармасының басшысы мен орынбасары құрылыс компаниясын 21 миллион теңгеден астам сомаға материалдық құндылықтарды сатып алуға көндірген. Басқарма басшысы 4,5 жылға бас бостандығынан айырылса, орынбасары 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен бірге, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары мен бас маманына 90 миллион теңге дейін айыппұл салынды. Олар аудиторлық тексеру бойынша оң қорытынды үшін жеке компания өкілдерінен 2 миллион теңге сомасында пара алды деп айыпталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Асылбек Данияр