Республика күні қарсаңында Астанада көгершіндердің жәрмеңкесі өтті. Шараға 9 аймақтан құс асыраушылар қатысты. Бас-аяғы 700-ден астам көгершін әкелінген. Келушілер оларды тамашалап қоймай, арзан бағада сатып алуда.
Түркістан қаласының тұрғыны Жалғасбек Өтегеннің хоббиі – көгершін өсіру. Бұл іспен 9-сыныбынан бастап айналысамын, дейді. Айтуынша, жұмыстан шаршап келгенде әдемі құстарға қарап демалып қана қоймай, терапия аласың. Қазір 15 түрлі көгершіннің 200-ге жуығын өсіріп жатыр. Әрқайсысы ерекше күтімді қажет етеді. Суыққа төзбейтін қанаттылардың балапанын қыс жақындағанда туыстарына сыйға тартатынын жеткізді.
Жалғасбек Өтеген, жәрмеңкеге қатысушы:
Бакинск, широкох, обрезные бакинскті өзім жақсы ұнатамын. Әрқайсының өзінің аты бар, әр түрлі. Соны көбейтуге атсалысамыз. Бұған тамақты үш мезгіл береміз міндетті түрде. Таңертең жартылай, түсте тоқтау қылып бересің, түсте бермесе балапандары бар ғой. Әр адамның үйренген тірлігі ғой.
Көгершін өсіру ісі ел бойынша дамып келеді. Көрме-жәрмеңкеге елдің түкпір-түкпірінен 160-қа жуық қатысушы келген. Ал шараны келіп көруге қызығушылық танытып жатқандар көп, дейді ұйымдастырушылар. Көгершін өсірушілер қоғамдық бірлестігі барлық аймақта көгершін өсіру клубтарының санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Нұрлан Бекқожиев, Көгершін өсірушілер қоғамдық бірлестігінің президенті:
Сонымен бірге, осы көгершіндерді көбейту үшін алыс-жақын шетелдік мамандармен де жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі жоспарымыз қазақстандық көгершіндер тұқымын көбейту. Біз оған будандастыру тәсілін қолданбаймыз. Қазір ол тек Алматыда ғана бар. Соны көбейткіміз келеді.
Көрме-жәрмеңке жыл сайын күз-көктем мезгілінде ұйымдастырылып отырады. Мұндай құстар нарықтағы бағадан арзанырақ. Негізгі бағасы 1000 теңгеден 3 миллион теңгеге дейін бағаланады.
Асылбек Данияр