Екібастұзға жылу беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзға жылу беріле бастады

03.10.2023

Екібастұзға жылу беріле бастады. Әзірге әлеуметтік нысандарға ғана барып тұр. Дәл қазір орталық магистралден тұрғын үйлерге жылу апаратын ішкі желілерге ыстық су толтырылып жатыр. Ертең түске қарай тұрғындардың пәтерлеріне жылу келе бастайды. Былтыр қыста жылудан тарыққан екібастұз халқының қазір күдігінен үміті басым. Шаһардағы ахуалды әріптесім Болат Аманбаев көріп келді.

Нарғыз Әмірханова, 3-сынып оқушысы:

Мектепте қазір жақсы. Біз көңілдіміз. Сыныпта оқимыз. Былтыр бізде суық болды. Жапты сондықтан мектебімізді. Біз оқыдық онлайн. Онлайн өте жаман оқуға.
Былтыр қыста балалар 4 ай бойы сабақты қашықтан оқыды. Жылу батареяларындағы су ағызылып, мектептер жабылды. Сондықтан жазда жөндеу жұмыстары алдымен білім ошақтары мен балабақша және ауруханаларда басталды.

Айсұлу Ермекбаева, мектептің шаруашылық меңгерушісі:

Кешеден бері мектепке жылу беріп отырмыз. Бүгін міне 60 градусқа дейін көтерілді. Қысым 6, шығуы 4,5. Мектептегі бүкіл кабинеттерде 22-23 градусқа дейін көтерілді.

Қаланы жылумен қамтитын негізгі 8 магистрал жаңартылды. 70 шақырымнан аса жаңа құбыр салынды. Бұл ескірген жылу желілерінің тек 20 пайызы ғана.

Болат Аманбаев, тілші:

Жылу орталығында жөндеу жұмыстары әлі біткен жоқ. қазір қалаға екі қазандықпен ғана жылу беріліп тұр. Әзірге ауа райы жайлы, күн суытқанша қаланы жылумен қамтуға осы екі қазандықтың қауқары жетеід дейді мамандар. Ал, айдың соңында 4 қазандық түгел іске қосылуы тиіс.
Қазандықтың бәрі іске қосылғанда Екібастұзды тұтас жылумен қамтуға мүмкіндік бар. Жауптылар қыстан қысылмай шығамыз деп сендіріп отыр.

Анатолий Моисей, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директоры:

Төрт қазандық дайын тұр. 2-і қосылды. Бүгін стансадан шығатын жылу 70 градус, қайтып келгендегісі 53 градусты көрсетіп тұр.Орталықта он қазандық бар. Соның 8і күрделі жөнделді. Екеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазанның аяғында жөндеу жұмыстары толық аяқталады.
Екібастұзда 700-ден астам көпқабатты үй бар. Бүгін түні бойы ішкі желілер ыстық сумен толтырылмақ. Пәтерлер ертең түске қарай ғана жылына бастайды.

Ерсінғали Құрмашұлы, қала тұрғыны:

Бүгінге дейін енді жылу жоқ. Осы 4-і қосылады пәтерлерге, 6-сы жеке үйлерге қосылады деп сондай хабар беріп отыр. Сол үміттенеміз, күтеміз.
Бастысы ақау шығады-ау деген аумақтар жөнделді. Қысқы маусымдық жұмыстарға тартылатын жөндеу бригадалары да дайын дейді жауапты мамандар.


 Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу