Елімізде 2,5 миллионнан аса қария бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 2,5 миллионнан аса қария бар

03.10.2023

Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияда Халықаралық қарттар күніне арналған концерт өтті. «Ата-ана ұлағаты, ұрпаққа аманат» атты шарада жүздеген қария мерекелік атмосфераны сезініп, есті де, ескі әндер шырқалды. Айта кетейік, мерекелік шара 7 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Ресми дерек бойынша, елімізде жасы 60-тан асқан 2,5 млн аса қарт тұрады. Жыл сайын Республикамызда қариялар күніне ерекше көңіл бөлінеді. Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара қамкөңіл қарттарды құрметтеуге, оларға қамқор болуға шақырады.

Сансызбай Есілов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бізде 121 мың зейнеткер тұрады. Біз қаламызда белсенді өмір сүру орталықтарын аштық. Әр ауданда бар. Денешынықтырумен айналысады, екінші жастықтарын есіне салып әртүрлі аспаптарды үйренеді.

Мерекелік кеште өнерлі өрендер әннен әуелетіп, күмбір күйден шашу шашты. Мың бұрала билеген бұрымдылар үлкендеріміздің көңілін бір серпілтіп тастады. Ең қызығы концертке тек жас буын өкілдері ғана емес, қарттарымыздың өзі де белсене ат салысты.

Мүтәлі Дүйсенова, «Елорда халықтық қорының» жетекшісі:

Біздің қарттарды сыйлап, қамқорлық көрсетіп аяқ қолымызды жерге тигізбей, шақыратын жерлер көп болып жатыр. Осы елорданың ортасында біз өнер көрсетейін деп отырмыз. Ардагерлер жыры деген өте тамаша ән.

Бұдан бөлек, еліміздің эстрада жұлдыздары халықаралық мейраммен құттықтап, өз өнерлерін көрсетті.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу