Сенат Төрағасы Абай облысының тұрғындарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат Төрағасы Абай облысының тұрғындарымен кездесті

29.09.2023

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысына барды. Сапар кезінде мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенділерімен кездесіп, халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, заң шығару қызметіндегі жаңа міндеттер мен Сенат және мәслихаттардың өзара іс-қимылын дамыту жайын талқылады. Абай облысына 2023-2027 жылдар аралығында 1,9 триллион инвестиция тарту көзделген. Алдағы үш жылда құрылыс қарқын алып, әлеуметтік нысандарды қоспағанда 148 көпқабатты тұрғын үй салынбақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 11 білім ошағы бой көтереді. Сенат төрағасы облыстағы түйткілді мәселелерді шешуде өңір депутаттарын бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес , Парламент алдағы уақытта бірқатар маңызды заңдар қабылдауы қажет. Олардың қатарында жаңа салық, бюджет, қала құрылысы, су кодекстері бар. Жалпы жыл басынан бері азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған коптеген заңдар қабылданды. Заңдар мен ұлттық жобалардың орындалу барысын Парламент және мәслихаттардың депутаттары тарапынан жүйелі бақылау жұмысын жолға қою аса маңызды деп есептейміз. 

Сенат спикері Семейдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған абилитация және оңалту орталығының ұжымымен кездесті. «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының жылу маусымына дайындығы мен шаһарды абаттандыру бойынша атқарылған жобаларды көрді. Семейдегі Шәкәрім университетінде болып Президент тапсырмасына орай 10-11 сынып оқушыларына арнап ашылған «Shakarim High School» жоғары мектебінің жұмысымен танысты.

Әсел Сиязбекова, «Shakarim High School» мектебінің директоры:

Робототехника, құрастыру, үлгілеу, 3D жобалау бұның барлығы қазіргі уақытта оқушыларға қызықты. Сол себептен ғылымды қолдау мақсатында осы Steam бағытын басшылыққа алып отырмыз. Және оқушыларымызды университетіміздің 28 ғылыми үйірмесіне бағыттап отырмыз. 

Хабарламаларға жазылу