Сенат төрағасы Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат төрағасы Жамбыл облысы тұрғындарымен кездесті

10.01.2023

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатты желден зардап шеккен Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысып, мәслихат депутаттарымен жиын өткізді.

Алдағы уақытта Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде мәслихаттармен байланысты одан әрі арттырмақ. Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен кездесуде осы бағыттағы жұмыстың нақты бағыттары мен форматына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саяси жаңғыртулар аясында Сенаттың алдында тұрған мақсат-міндеттер жайды айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бұдан былай Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палатаға айналады. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер негізінен аймақтарда өтетіні белгілі. Өңірлерді кешенді түрде дамытпай, тұтас ел дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сондықтан Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалардың өңірлерде іске асырылу барысын бақылауға баса мән беріледі.
Бұдан соң Сенат спикері қатты дауылдан зардап шеккен Қаратау қаласына барды. Қазір бұл жақта табиғи апат кезінде бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мердігерлерге 10 күн ішінде шатырды жабу тапсырылған. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі нақты уақытында орындалуы қатаң бақылауда тұр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламент Сенатының төрағасы:

Қаланың инфрақұрылымына байланысты мәселелер бар екенін білеміз. Ол да енді кезең-кезеңімен шешіледі. Жалпы өздеріңіз білесіздер. Осындай моноқалаларды дамытуға, ауылдық жерлерді дамытуға Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен көңіл бөліп жатыр. Арнайы бағдарламалар дайындалуда.

Қатты жел Қаратау қаласындағы 12 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкеткен. 3 әлеуметтік нысан мен жеке секторда 80-нен аса жер үйге зақым келді. Барлық шығын көлемі есептеліп жатыр. Ал тұрғын үйлердің төбесін қайта жабуға 320 миллион теңгеден астам қаржы керек.

Дархан Баймбетов, Қаратау қаласының әкімі:

11 құрылыс компаниясы жұмыс жасап жатыр. Одан бөлек, Қаратау қаласында көше жарықтары қазір толығымен ретке келтірілді. Газ, су және жарық бар.
Сенат спикері Талас және Жамбыл ауданындағы кәсіпорындарды да аралап, жұмысымен танысты. Бұдан бөлек аграрлық салада еңбек етіп жүрген жергілікті мамандармен және еңбек ұжымдарымен кездесті.


Хабарламаларға жазылу