Абай елі Президенттің саяси реформаларын толық қолдап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай елі Президенттің саяси реформаларын толық қолдап отыр

19.05.2022

Абай елі Президенттің саяси реформаларын толық қолдап отыр. Жеке облыс болып құрылып жатқан аймақтың тұрғындары алдағы референдумға да жұдырықтай жұмылып, бір кісідей қатысуға дайын. Себебі осы таңдау арқылы еліміздің саяси тұрғыда кемелденіп, жарқын келешекке жол ашылатынын жақсы біледі. Олар бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ержан Қошановпен кездескенде айтты.

Алдымызда ел тағдырын айқындайтын үлкен мақсат-міндет тұр. Жақсы өзгерістер референдумнан басталады. Мәжіліс спикері семейліктермен кездескенде мемлекеттің келешек келбеті жайлы сөйлесті. Жиында жаңа Қазақстанның жастары қандай болу керек деген сұрақ та талқыланды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Абай 1 жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болуы керек. Талап, еңбек, терең ой. Қанағат, рақым, ойлап қой. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің «Жаңа Қазақстан» туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр. Сондықтан жастарды білімге, еңбекке баулу, осы бес қасиетті бойына сіңіру маңызды.

Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Өңірдегі зиялы қауым Абай облысын құру туралы шешім қабылдаған Президентке алғыстарын айтты. Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдайтындарын жеткізді.

Төлеген Жанғалиев, Абай ауданының құрметті азаматы:

Жаңа Қазақстан құру деген сөз ол халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту деген сөз. Ол кісінің өзі осылай айтты. Мұның өзі реформа. Яғни біз болашаққа сеніммен қараймыз, жаңа Қазақстанның болатынына кәміл сенеміз.

Мәжіліс Төрағасы Семейдегі медициналық мекеме ұжымымен де кездесті. Құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорынға барып, оңалту орталығының құрылысымен де танысты. Абай ауданындағы Қарауыл тұрғындарымен жүздесті.

Амантай Мұқатаев, Абай ауданының құрметті азаматы:

Президентіміз алғашқы жұмысқа кіріскен сәтінен бастап осы демократиялық принциптердің жүзеге асуын сөз етіп жүрген болатын. Халық соны күтетін. Бүгін, ойлаймын, сол сұрақтарға толық жауап алды ғой деп. Біз толық қолдаймыз.

Сапар барысында Мәжіліс спикері Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-гимназиясын да барып, мұғалім және оқушылармен кездесті.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу