Президент: Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі

29.09.2023

Өзара айыптауларды тоқтату керек. Мемлекет басшысы Берлиндегі брифингте Ресей Украина қақтығысына қатысты осындай ой айтты. Ал Германиямен Қазақстан арасындағы байланыс алда тың серпін алмақ. Сапар аясында маңызды келісімдер бекіді.

Әбігер көршің, бәрібір көршің. Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа бүкіл әлем алаң. Қазақстан мен Германия басшыларының келіссөздерінен кейінгі бірлескен мәлімдеме болса да, журналистер саяси мәселеге қатысты қазақ Президентінің ойын білгісі келді. Қазақстан БҰҰ-ның жарғысын берік ұстанады. Ал Ресеймен алыс-беріс, барыс-келіске ғасырлар куә. Украинадағы қақтығыста Қазақстанның ұстанымы – бейбіт, тиімді келіссөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара бөліп жатыр. Елдеріміз арасында сауда, гуманитарлық байланыстар бойынша дәстүрлі ынтымақтастық орнаған. 2013 жылы екі ел Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойды. Украинадағы қақтығысқа келер болсақ, Қазақстан әскери іс-қимылдардың тез арада тоқтатылуын және БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз жүргізілуін жақтайды. Мен бүгін құрметті Канцлер мырзаға жағдайдың шын мәнінде өте күрделі екенін айттым. Ресей де, Украина да келіссөз жүргізуге дайын екенін растайды. Алайда келіссөздің қандай алаңда жүргізілетіні әзірше белгісіз. Сондықтан парасатты, салмақты, салиқалы дипломатияның кезеңі туады деп ойлаймын. Олар бірін-бірі айыптауды доғарып, екі жаққа да тиімді келіссөздің жолын табуы керек. Қазақстан Украина қақтығысын шешудің қандай да бір жолдарын ұсынып жатқан өзге елдер мен мемлекеттер тобының күш-жігерін қолдайды. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны қабылдаймыз.

Осындай геосаяси жағдайлардың ушығуына байланысты әлем үлкен дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Тығырықтан шығудың түрлі жолдарын әркім әрқалай іздеп әлек. Германия қазір мұнай газға тәуелді. Сондықтан Қазақстан қара алтын экспортын арттырады. Энергетика саласында неміс тарапымен жаңа келісімдер жасалды.

Мағзұм Мырзағалиев , «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы:

Біздің саламыз бойынша үш келісімге қол қойылды. Бірінші қаржы тарту бойынша және сақтандыру бойынша. Екінші полиэтиленнен басқа да газ кешендерін дамыту. Үшіншісі бұл сивенс компаниясымен біздің мұнай газ кен орындарды цифрландыру бойынша компаниямен қол қойдық.

Жаңа сауда жолдары Еуропа елдері үшін ауадай қажет. Ал Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғайтын алтын көпір. Осы мүмкіндікті мейлінше пайдаланатын сәт. Оның үстіне транскапий бағдарының әлеуеті зор.

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Жаңа салаларды да талқылап жатырмыз. Соның ішінде логистика саласы. КТЖ компаниясы германиялық компаниямен жаңа жобаларды қарастырмақ. Және сонымен қатар неміс теміржолдары компаниясымен бірігіп жобаларды қарамақ. Мұның бәрі көп айтып жүрген Орта Дәлізді дамыту.

Шикізат та шектеулі. Тиімді пайдаланса ғана береке береді. Қасым Жомарт Тоқаев Берлин билігіне шикізатты бірлесе игеру жобаларын іске асыру үшін консорциум құруды ұсынды. Өйткені бізге Германияның озық технологиясы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Германия Еуропа одағындағы Қазақстанның стратегиялық серіктесі, сауда экономикалық байланыстар тұрғысынан алып қарасақ ең маңызды ел. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын арттыруға баса мән береміз.

Ынтымақтастық әр салада артады. Атақты мерседес маркалы автокөліктерге қажетті кейбір бөлшектер болашақта біздің елде шығарылуы мүмкін. Президент Berlin Global Dialogue форумында экономиканы әртараптандыру саясатын түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

 «Орта дәліздің» игілігін ортақ көру үшін негізгі бағыттар айқындалды. Сауда. Инвестиция. Келісім. Жүзеге асса жаңа мүмкіндіктер мен толайым жетістіктерге жол ашылғалы тұр. Өйткені жаңа бағыт транзиттік тасымалдау уақытын еселеп қысқартпақ.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу