Медаль жауған күн: Азия ойындарында мергендеріміз тағы «алтын атып түсірді» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медаль жауған күн: Азия ойындарында мергендеріміз тағы «алтын атып түсірді»

28.09.2023

Медаль жауған күн. Бүгін Ханчжоудағы Азия ойындарында мергендеріміз тағы да «алтынды атып түсірді». Бұл жолы екі бірдей бас жүлде. Стенд ату және нысана көздеу бойынша отандастарымыз алдына жан салмады. Чемпиондардан ең алғаш сұхбат алған әріптесім Шерхан Жамбылұлының материалы.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Құралайды көзге атқан мергендер жарап тұр. Ел қоржынына үш бірдей алтын салып, құрама абыройын аспандатты. Сары құрлықтың ғана емес, әлемнің ең мықты спортшылары қатысқан додада өздерінің мықтылығын дәлеледі. 

Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы әлемдік жарыстарда әрдайым үздіктердің қатарында. Азия ойындарында да мықтылығын дәлелдеді. Дегенмен қарсыластар да осал емес. Жарыс қорытындысы бойынша әлемдік рекордқа сәл ғана қалды.

Эдуард Ещенко, Азия ойындарының чемпионы:

Әсем екеуіміз былтыр әлем чемпионатында үшінші орын алдық. Биыл бірнеше халықаралық жарыста жүлдеге іліндік. Бұл жеңіс қажырлы еңбектің жемісі деп білемін. Бүгін қатты шаршадық. Бірақ, жеңісті сәт шаршағанымызды бірден басты.

Жеңісті жолды нысана көздейтін қыздар жалғастырды. Командалық жарыста Қазақстан құрамасы күміс жүлдені еншіледі. Ұжым сапында Александра Садуақасова және Фатима мен Зухра Ирназарова бар. Зухра жекелей сында үздік нәтиже көрсетіп, қоржынға кезекті алтын салды.

Зухра Ирназарова, Азия ойындарының жеңімпазы:

Әлі де қобалжып тұрмын. Өте қуаныштымын. Командамен де алтын алуға мүмкіндік болды. Сәл ғана жетпей қалды. Сыңарым екеуміз бұл спортпен айналысып жүргенімізге 5 жылдай болды. Фатима бүгін өзін жайсыз сезініп тұрды. Ол әлі чемпион болады деген сенімдемін.

Сұрмергендер ел қоржынына әлі медаль салуы мүмкін. Себебі бұл спорттың басқа да түрі бойынша жарыстар бар. Жеңісті жол жалғасып, спортшыларымыз нысананы дәл көздейді деген сенімдеміз.

 
Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу