Биыл Ақмола облысында егін түсімі жылдағыдан екі есе төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Ақмола облысында егін түсімі жылдағыдан екі есе төмен

26.09.2023

Биыл Ақмола облысында да егін түсімі жылдағыдан екі есе төмен. Былтыр астықтың орташа өнімділігі гектарына 12 центнер болса, осы жылы 5-6 центнерге жетер-жетпес. Оған күн райының қолайсыздығы себеп. Жаз бойы жалғасқан қуаңшылық күзде толасыз жаңбырға ұласқан. Салдарынан күні бүгінге дейін 5 миллион гектардан астам алқапқа егілген астықтың 44 пайызы ғана жиналған. Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен диқандар несие өтеу мерзімін тым болмағанда 1 жылға ұзартуды сұрап отыр.

Білікті шаруа Алексей Джейранов, толасыз жауған жауының салдарынан орақ науқаны жылдағы уақыттан шамамен 20 күнге кешігіп жатқандығын айтады. Ол 17 мың гектар алқапқа егін еккен. Күні бүгінге дейін астықтың 22 пайызын ғана жинап алыпты. Оған қоса, егіннің сапасы да айтарлықтай төмен дейді диқан.

Алексей Джейранов, шаруа:

Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүргеніме 24 жылдай болды. Мұндай жағдайды осыған дейін көрмеппін. Әрине, бидайды ақырындап алып жатырмыз. Бірақ оның сапасы төмен. Былай айтқанда, жемдік астық. Ол кімге керек? Шығынға батып жатырмыз.
Биыл облыста жауын-шашын жылдағыдан үш есе көп болып, орақ науқаны бірнеше аптаға тоқтап қалды. Мұндай жағдай соңғы рет осыдан 30 жыл бұрын болған көрінеді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Аймақтағы егістік алқаптарының қазіргі жағдайы осындай. Апталап жауған жауыннан барлығы езіліп кеткен. Салдарынан оның сапасы да, бағасы да түседі. Мәселен, мына алқаптағы бидайдың барлығы келер жылы тұқымға мүлдем жарамайды.
Су сіңген бидайды тұқымға жіберу былай тұрсын, кәдеге жарату үшін ең алдымен кептіріп алу қажет. Сондықтан тиісті сала мамандары Үкіметтен қосымша 30 мың тонна дизель отынын сұрап отыр. Қазір облыста 71 элеватор үзіліссіз жұмыс істеуде.

Еркеш Әленов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биылғы егіннің сапасы өте нашар. Биыл жауынның көптігіне байланысты барлығы ылғал. Сондықтан элеваторларға тасып жатыр. 71 элеваторымыз қазір сол бидайды қабылдап, алып жатыр. 500 мыңнан астам бидай элеваторларға қазір тапсырылды.
Күзгі орақ науқанында ақмолалық шаруаларға 46 миллион теңге қайтарымсыз субсидия бөлінді. Алайда, бұл қаржы жеткіліксіз болғандықтан, билік өкілдері қосымша тағы 30 миллион теңге сұрап отыр.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу