Президент: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамында Қазақстан да болуы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамында Қазақстан да болуы тиіс

20.09.2023

Адамзат бұрын-соңды болмаған сын қатерлерге тап болды. Оны еңсеру үшін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалау керек. Онда барлық дамушы елдердің үні анық естілуі тиіс. Бұл орайда, Кеңес құрамында Қазақстан да болуы керек. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 78-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Әлем геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңінде тұр. Бұған бірден бір себеп БҰҰ Жарғысында көзделген қағидаттардың сақталмауы, халықаралық құқықтық құжаттардың тәрк етілуі. «Мұның салдары ауыр болмақ», - дейді Мемлекет басшысы. Алауыздық пен араздық адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Қазірдің өзінде әлемде 108 миллион адам босқынға айналды, 1 миллиардтан астамы кедейлік кебін киген, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. «Осында жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты», - деген Қасым Жомарт Тоқаев кез келген қайшылықты күшпен емес мәміле арқылы шешу қажетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, біз аталған қиындықтарды жеңе алмаймыз. Бұл – адамзат баласының басым көпшілігінің мүддесіне сай келетін заманымыздың ең үлкен қажеттілігі. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бұл орайда, Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес құрлықтағы делдалдық пен бітімгерлікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналғанын айтты. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерген. Мемлекет басшысы жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастамаға өзге елдерді де қосылуға шақырды. Сондай-ақ Президент ядролық державаларды тағы да жаппай қырып жою қаруынан ада әлем құру жолында күш біріктіруге үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін. Өз кезегінде COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында біздің дәрменсіз екенімізді көрсетіп берді. Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастауға үндейді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Былтыр дүниежүзі халқының 10 пайызға жуығы аштық азабын тартқан. Сондықтан Президент жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің мінсіз жүйесін құру қажет дейді. Мемлекет басшысы Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын екенін жеткізді. Ол үшін елімізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Мәселен, еліміздің үстімен қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүктің 80 пайызы өтеді. Президент баяндамасында жаһандық жылыну мәселесіне да назар аударып, қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру үшін тез арада, тиімді және трансформациялық қадамдар қажетіне тоқталды. Себебі қатер ең алдымен Орталық Азияға төніп тұр. 2030 жылға қарай өңірде температура 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу