Әскери борышын өтеген сарбаздар тегін білім алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери борышын өтеген сарбаздар тегін білім алып жатыр

14.09.2023

Әскери борышын өтеп келген 600-ден аса сарбаз білім грантына ие болды. Олар тиісті сынақтарды тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсті. Басым бөлігі Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін таңдаған. Ал емтихансыз ақылы бөлімге барғандардың көбі Көкшетау университетіне түсуді жөн көрген. Бұдан бөлек, тағы 3 сарбаз тегін білім алу сертификатын иленіп, Astana IT Университетінің студенті атанды. Соның бірі Әділет Құдашев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы 55/48 әскери бөлімінде борышын өтеген. Қазір софт инженеринг мамандығы бойынша білім алады.

Әділет Құдашев, студент:

Отан алдындағы адал борыш болып саналғаннан кейін өзім әскерге баруды шештім. Әскерден қайтатыннан 3-4 ай қалғанда операторлық топ шақырды. Құжаттарыңды алып келіңдер, жеке куәліктерің әкеліңдер, сендерді тіркейміз деді. Мені базада болған соң қабылдады, құжаттарымды тапсырдым.

Әскерге барып келгендерді жатақхана, шәкіртақымен қамтамасыз ету де қарастырылып жатыр. Қорғаныс министрлігі жастардың әскери қызметке ынтасын арттыру үшін арнайы жобаны қолға алған еді. Әскери қызметшілерді тегін білім алуға іріктеу Қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Қазір 38 мыңнан аса адам өтініш берген.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу