Ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен диқандарға астықты кептіру үшін қосымша дизель отыны бөлінеді. Бұл туралы Ақмола облысы шаруаларымен кездескен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді. Бұдан бөлек, астық қабылдау орындары тәулік бойы жұмыс істеп, тасымалдаушылардың қызметі қатаң бақылауға алынбақ. Айталық, аграрлы аймақта екі аптадан бері толассыз жауған жаңбырдан егін орағы тоқтап тұр. Күні бүгінге дейін 5 млн гектардан астам алқапқа егілген астықтың 17 пайызы ғана жиналған. Шаруалар күн ашылмаса, егін орағы созылып, өнімнің сапасы төмендеп, шығынға батамыз ба деп алаңдайды. Министр оларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Яғни, келер жылға сапалы тұқым қоры әзірленіп, қосымша субсидия мәселесі де шешімін таппақ.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Барлығының көтеріп жатқаны элеваторларға дизель отыны керек деп арзандатылған. Оны енді 250-ден беретін Энергетика министрлігінің келісімі бар. Оны береміз. Пролонгация, кредит бойынша оны да қарастырамыз. Тұқым жағы. 2,5 миллион тонна жалпы республика бойынша керек. Бізде 1 миллион тонна бидай корпорацияда жатыр. Соны қазір тексереміз.
Ұмсындық Наурызбаева