Осы аптада Үкімет толығымен жасақталып бітті. Әлихан Смайыловқа тағы бір мүмкіндік беріліп отыр, Үкімет басшысы лауазымында қалды. Орынбасарлары да орнында. Сонымен, енді министрліктер саны - 21. 9-ның басшысы ауысқан.
Өткен аптада жаңадан құрылған кей министрліктерге кім келгенін айтқан едік. Бұл жолы үкіметтің құрамындағы жаңа есімдерге тоқталайық.
Ішкі істер министрі болып Ержан Сәденов тағайындалды. Қаңтар оқиғаларынан кейін ол вице-министр болған еді. Бұған дейін Ақмола облысы, Астана қаласының полиция департаменттерін басқарған. Ішкі істер органдардағы жалпы еңбек өтілі 30 жыл.
Мамырда ғана генерал-лейтенат шенін алған министрге полиция саласын түбегейлі жаңарту міндеті қойылатын шығар. Бұған дейін реформа жарияланып, Президент полицей портретін «жазалаушы» деген жағымсыз таптаурыннан «халыққа жақын», оған қызмет ететін маман ретінде қалыптастыруды тапсырған еді.
Ал қаңтар оқиғаларынан кейін қамалған азаматтардың кейбірін үтікпен азаптап, қор қылған тәртіп сақшылары халықтың қорқынышын еселей түскендей. «Көпке топырақ шашу» әсте дұрыс емес. Бірақ осы аптада Семейде сол қаңтар трагедиясы кезінде ұсталған азаматты азаптау бойынша сотталған екі полицейге қатысты үкім шықты.
Семейлік Жандос Жотабаев тергеу изоляторында қайтыс болған. Ал орталық полиция басқармасының қызметкерлері Әлішер Қанақынов пен Ерсұлтан Ағзамов онсыз да қиналып келе жатқан азаматты ұрып-соққан көрінеді. Полиция қызметкерлерінің айыпталушыны тепкілегені бейнекамераларға жазылыпты. 23 және 27 жастағы сақшыларға сот 4 жылға шартты түрде бостандығынан айыру жазасын кесті.
Судья бұл шешімін «Олар жас әрі қатесін ұғынғанына үміттімін» деп түсіндірген екен. Әлбетте судьяның бір білгені бар шығар. Оқиғаның қалай болғанын тергендер болды. Айыптаушылар мен қорғаушылардың уәжін тыңдады. Содан соң шешім шығарды. Дегенмен, бұл оқиға полиция қызметкерлерінің қатігездігіне қатысты жалғыз мысал емес. Ара-тұра кездесіп қалады.
Ал мұндай жағдайлар бұқараның құқық қорғаушыларға деген сенімін төмендетеді. Сондықтан жаңа министр Ержан Сәденовтің Күлтегін баһадүрдің заманындағыдай түнде ұйықтамауына, күндіз отырмауына тура келетін сыңайлы. Ал сотталған экс-әріптестерінің тағдыры қызметтегі өзге полицейлерге сабақ болса екен дейміз...
Ал ақпан соңында Ішкі істер министрлігін басқаруға келген Марат Ахметжанов бұл қызметтен босатылып, Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Наурызда «ең криминалды» қалалар тізімі жарияланған еді.
Оған сай, Талдықорған (172), Астана (151), Петропавлдан (146) кейін Көкшетау тұр. 10 мың адамға шаққанда 143 қылмыс тіркелген. Демек, Көкшетау табиғаты көрікті болғанымен, қауіпсіз қала болмағаны. Полицияның генерал-полковнигі Марат Ахметжанов енді тәртіп орнататын шығар?!
Әкім қызметіне кірісе сала Ахметжанов шу шыққан мектепке ескертпестен барыпты. Осы аптада Көкшетаудың №1 мектеп-гимназиясында оқушылар дәлізге сыймай, жерде тапталып жатқан видеосы желіде тарап кеткен еді.
Мектеп басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал біз өткен аптада берген мәліметті тағы қайталауға мәжбүрміз. ІІМ мәліметінше, Қазақстанның әр екінші мектебінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
Тағы бір экс-министрдің облысты басқаруға жіберілгенін айта кету керек. 2 жыл Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңіріне әкім болып тағайындалды. Қарашөкеевті қыруар жұмыс күтіп тұр. Биыл қуаңшылықтан қиналып қалған шаруалардың айтары көп. Бұл туралы сәлден соң материал береміз.
Жамбыл тумасы, 5 ай осы өңірді басқарған Нұржан Нұржігітовтың жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалғаны да - көптің талқысында. Өйткені «10 ауданның 6-да су тапшылығына байланысты ТЖ жағдай жариялаған алғашқы әкім» деп жұрт жадында жатталып қалған. «Парадокс қой» деп таңқалып жатқандар да бар. Бірақ су тапшылығы соңғы 5 айда аяқ асты туындаған мәселе емес екенін есті адам түсінсе керек. Жалпы, кез келген проблеманың түбіне үңілсек, мемлекеттік органдардың ұзақмерзімді жоспарлар құрмағаны, қағазбастылық, жүйенің тиімсіздігі сияқты ондаған жылдар бойы қалыптасқан дүниелер шығып жатады.
Сондықтан министрлер кабинетіне бар күш-жігерін салып жұмыс істеу керек боп тұр. Міндеттерді орындау үшін көп уақыт та берілмейтін сияқты. Мысалы, Экология мен табиғи ресурстарының бұрынғы министрі Зүлфия Сүлейменова мен Мәдениет және спорттың бұрынғы министрі Асхат Оралов 9 ай ғана қызмет етіп үлгерген.
Ақпарат және қоғамдық байланыс үшін жауап берген Дархан Қыдырәлі тура 1 жылдан соң қызметінен босатылды. Бұл, бір жағынан, Үкімет құрамына жаңадан қосылып жатқан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Көлік министрі Марат Қарабаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке «сынақ мерзімі бар» деген ишара ма екен?!
Иә, облыстан министрлікке, министрліктен керісінше өңірге кетіп жатқандар бар. Президенттің бұл шешімдері «орталықта отырып, тапсырма беріп жүргендер енді аймақтағы ахуалды өзі көрсін» деген ойы ма екен?! Әлде, жалпы, барлық саладағыдай билікте де кадр тапшылығы қатты сезіле ме?! Ол жағы бізге беймәлім. Бізге мәлімі - Қазақстанға елін сүйетін, адал қызметкер керек. Әр кадрдың бойынан сол қасиет табылса дейміз.