«Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуында үздік әскери қызметшілер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығуында үздік әскери қызметшілер марапатталды

07.09.2023

«Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында ерекше көзге түскен үздік әскери қызметшілер марапатталды. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов оларға оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда көрсеткен шыдамдылығы, батылдығы мен өз ісіне адалдығы үшін алғыс айтып, бағалы сыйлықтар табыстады. Құрмет көрсетілгендердің ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы сыйлығына ие болғандар да бар.

32363-әскери бөлімі командирінің орынбасары Айдос Исаев бүгін Мемлекет басшысының, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнайы сыйлық – сағатқа ие болды. Подполковниктің бригадасы оқу-жаттығу барысында су кедергілерінен өтіп қарсы қапталдағы жаудың күшін жою тапсырмасын орындаған. Сарбаздар жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде орындап, шеберлігін көрсете білді.

Айдос Исаев, 35-ші гвардиялық-десанттық шабуылдаушы бригада командирінің орынбасары, подполковник:

Бұл менің ғана жетістігім емес, бұл жоғары басшылардың және бригаданың жетістіктері. Осындай жаттығу өткізген сайын біз көптеген іс-қимылдарды үйреніп, өзіміздің біліктілігімізді арттырамыз. Және де алдағы өтетін оқу жаттығуларын жоғары деңгейде өткізуге дайынбыз.

«Батыл тойтарыс» сайысында 5852-әскери бөлімінің жауынгерлері де сынақтан сүрінбей өтті. Жыл бойы үйренген машықты мүлтіксіз орындап, ұтқырлығын дәлелдей білген.

Ақжол Базарбайұлы, инженерелік батальон штаб басшысы, капитан:

Іле бетінің арғы бетіне қарсыластарға тойтарыс беру мақсатында пантондық көпір құрып, әскери құрамды және қару-жарақты өзеннің арғы бетіне өткізді. Осы мақсатта қысқа мерзімде сарбаздар әскери бөлімге келіп, оқу-жаттығу үйреніп өздерінің шеберліктерін, шымырлықтарын көрсетті.

Шара барысында өзге де бірқатар жауынгер көрсеткен табандылығы үшін арнайы марапатқа ие болды. Жалпы, ауқымды оқу-жаттығу бөлімшелер мен өзге де күштік құрылым қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай жауынгерлік қабілетін арттыруға ықпал етеді.


Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу