Магомед Адиев: Қарсыластан тактикалық ойын күтемін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Магомед Адиев: Қарсыластан тактикалық ойын күтемін

07.09.2023

Бүгін футболдан ұлттық құрама үшін маңызды ойын. Жерлестеріміз «Астана-Арена» алаңында Финляндия футболшыларын қабылдайды. Қос команда 9 ұпаймен еуропа чемпионатына іріктеу турнирінің H тобында көш басында келеді. Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиевтің пікірінше Финляндия тактикалық ойынға басымдық береді. Дегенмен, Адиев шәкірттері қарсылас команданың ойынын саралап, өз жоспарын түзген. Бас бапкер бұл ойынға бір ай бойы дайындық жүргізілді деді. Негізгі құрамнан Габышев пен Исламхан жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайды. Дегенмен, қалған футболшылар бабында. Мәселен, командаға түркиялық «Бешикташта» ойнайтын Бахтиер Зайнутдинов қосылды. Сонымен қатар, шетелдік клубтарда өнер көрсететін Рамазан Оразов, Марат Быстров және Нұралы Әліп те бар.

Магомед Адиев, Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Финляндия қорғаныстан шыға алатын және шабуылда жылдам футбол ойнағанды ұнататын команда. Бірақ олар позициялық шабуылдарға немқұрайлы қарайды деп айта алмаймын. Қарсыластан тактикалық ойын күтемін. Олардың бапкері команданы жақсы ұйымдастыра білген. Бұл жұмысы құрметке лайық. Дегенмен оларды жеңу үшін біздің жоспарымыз бар. Жігіттер мұны істей алады деп үміттенемін.

Матч кешкі сағат 20.00-де басталады. «Астана-Арена» стадионы лық толы болмақ. 30 мың билеттің бәрі екі апта бұрын сатылып кеткен. Ұлттық құрама ойынын «Қазспорт» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.


Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу