Президент әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент әскери оқу-жаттығу жиынына қатысты

05.09.2023

Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен заманауи қару-жарақтар бұдан былай өзімізде өндірілуі керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматы облысына жасаған сапары кезінде айтты. Президент «Батыл тойтарыс-2023» деп аталған ауқымды әскери оқу-жаттығуға қатысып, саланы дамытуға қатысты тапсырмалар берді. Әрі сарбаздармен бірге қарақұмық жеп, әскерилерге әлеуметтік қолдаудың арта беретінін жеткізді.

Бұл Қонаев қаласынан небары 30 шақырым жерде орналасқан әскери дайындық полигоны. Мұнда өткен оқу-жаттығудың «Батыл тойтарыс» деп аталуы бекер емес. Сценарий бойынша жауынгерлер тұтқиылдан шабуыл жасаған жауға тойтарыс беруі қажет.

Міне, әскерилерімізге қарсы атыс басталды. Жау өзеннің арғы жағында. Биікте, позициясы ұтымды. Сарбаздарымызды сан соқтыруы үшін олар алдымен жарылғыш заттары бар дрондарды жіберді.

Қазір қарсылас пилотсыз басқарылатын аппараттармен шабуыл жасап жатыр. Мына жарылып жатқан сол дрондардан түскен гранаталар. Жарылыстың қаттылығы сонша, жер дірілдеп, айнала түтіннен көрінбей кетті. Нағыз майдан даласы дерсіз.

Десе де жауынгерлеріміз қарап қалған жоқ. Дрондарды зенитті-артилериялық қондырғылармен атқылап, қарсы шабуылға көшті. Ол үшін алдымен барлау жұмыстары жүргізіліп, жаудың орналасқан жері мен басқару пунктері анықталды. Кейін Су-30 жойғыш зымырандары қарсылас шоғырланған жерлерге ракета тастады.

Кейін кескілескен ұрыс жүріп жатқан аудандарға десанттық-шабуылдау әскерлерінің сарбаздары әуеден парашютпен секірді. Ал құрлық әскерлерінің жауынгерлері жерден соққы берді.

Жауды жою үшін өзеннің арғы жағына өту керек. Сол үшін әскерилер небары 15 минутта міне мынадай көпір құрды. Көріп тұрғандарыңыздай қазір танк, бтр секілді техникалар арғы жаққа өтіп, қырсыласты тұқырта қууға көшті.

Осылайша әуеден де, жерден де шабуыл жасалып, жаудың беті қайтты. Шартты түрде басып алынған Қапшағай гидроэлектр станциясы азат етілді. Елмізде бұрын соңды мұндай ауқымда жаттығу өтпеген.

Алмаз Жұмакеев, ҚР ҚК Десанттық шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы

Біз бүгін отыз жылда алғаш рет оқу-жаттығу шеңберінде жаппай десанттауды жүзеге асырдық. Яғни, төрт әскери ұшақты бір мезетте басқарылатын парашютпен қондырдық. Әрине, оның өз қиындықтары бар. Бірақ, бұл ұрыс кезінде өте шұғыл шешім қабылдауда таптырмас әдіс. Яғни, тұтас десант бөлімін, қажетті қару-жарақты, шағын техниканы тасып, ұрысты жалғастыруға болады.

Ал әскери операцияны қырағы бақылаған президент жауынгерлердің еңбеген ерекше бағалады. Әрі әлемдік геосаяси ахуал ушығып тұрғанда, армия кез-келген қауіпке дайын болуы керектігін тапсырды.

Қасым-Жомат Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап.

Ал қазақ армиясы шағын, мобильді ең бастысы мықты болуы керек. Ол үшін тек оқу-жаттығу өткізу жеткіліксіз.

Қасым-Жомат Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет.

Бұдан соң арқаларына ауыр жүк түскен сарбаздар дастархан басына жайғасты. Президент те олармен бірге қарақұмық жеп, емен-жарқын әңгіме құрды.

Сөз соңында мемлекет басшысы әскерилерге әлеуметтік қолдаудың арта беретінін айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі!

Хабарламаларға жазылу