«Qazaqstan дауысы» мегажобасында қазылық ететін тәлімгерлердің есімі белгілі болды. Үздік дауыс иелерін таңдайтын төрттіктің құрамында біршама өзгеріс бар. Қазір жобаның түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ әлемдік музыкалық сайысты жүргізетін жүргізушілер де өзгерді. Ұлттық арнаның жаңа маусымында эфирге шығатын дода жайлы әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.
Үш жарым мың өтінімнен іріктеліп, «Көрмей таңдау» кезеңіне өткен 100-ден астам қатысушы «Qazaqstan дауысы» атағына таласады. Олардың саны кезең сайын азайып отырады. Финалға әр топтан тек бір өнерпаз жолдама алады. Ал үміткерлердің ішінен мықтысынан таңдап алу тәлімгерлердің еншісінде. Екінші маусымдағы жаңа тәлімгердің бірі - композитор Төлеген Мұхамеджанов.
Төлеген Мұхамеджанов, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Әрбір тәлімгердің бойындағы мақсаты да жоспары да зор. Өйткені, әрине, өзімен бірге саған сеніп келген жас әншілерді қолдан келгенше қолдап, көмектесіп солардың арғы жағында жатқан сырларын ашып, арғы жағында ұйықтап жатқан керемет талантының ашылуына көмектесу. Ол мен үшін үлкен қошемет.
Ең жас тәлімгер - әнші Қуандық Рахым. Жауапкершілікті қатты сезінемін деген ол тәлімгер болу туралы ұсынысты ұзақ ойланған. Басында бас тартыпты. Енді тобына әртүрлі бағытта ән айтатын өнерпаздарды жинап, тәжірибе жасағысы келетінін жеткізді.
Қуандық Рахым, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Мен барынша халыққа ұнайтын өнерпазды таңдағым келеді. Өйткені, ертең бағдарламаның соңына қарай бәрібір де ол жеңімпазды анықтау халықтың еншісінде болады. Сондықтан да маған барынша халыққа жақын үн, ауыл, аудан тұрғындарын ұнайтын жақын үн керек.
«Qazaqstan дауысы.Балалар» жобасының бірінші маусымында тәлімгер болған әнші, сазгер Жанар Дұғалова да қазылардың қатарында. «Жеңіс үшін оралдым» деген Жанар тобына жинайтын 16 үміткерге қояр талабы жоғары. Ел намысын әлемдік деңгейде таныта алатын әнші болуы керек деп отыр.
Жанар Дұғалова, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Мен жеңіске жеткенді өте қатты жақсы көремін. Ерсұлтанды жеңіске дейін жетеледім. Әрине, командама келген барлық қатысушыларды жеңіске бағыттаймын жетелеймін және соған жетуге тырысамын. Менің ойымша, ересектермен жұмыс істеу балаларға қарағанда оңайырақ. Себебі, көбісі дайын әншілер.
«Qazaqstan дауысының» тұрақты тәлімгері, әнші, композитор Маржан Арапбаева да жеңісті қолдан бермеймін дейді. Бұған дейінгі маусымдарда жинаған тәжірибесін сеніп , қатысушыларды таңдауда барынша мұқият боламын, дейді.
Маржан Арапбаева, «Qazaqstan дауысы» жобасының тәлімгері:
Қалай жұмыс істеу керек, қандай таланттарды таңдау керек, қай бағытта оларға жол көрсету керек, сол жағынан көбірек көңіл бөлсем екен деп ойлаймын. Және де осы жылы менің тобым міндетті түрде жеңуі керек.
Ауқымды, әрі әлемдік ән байқауын бұған дейін «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының екі маусымында тәлімгер болған әнші Жұбаныш Жексенұлы мен тележүргізуші Ирина Тен тізгіндейді. Жұбаныш Жексенұлына жүргізушілік таңсық емес. Бірнеше жыл бұрын Ұлттық арнаның бірқатар бағдарламасын жүрізген. Ал көпшілікке «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы танылған Ирина Тен «Qazaqstan дауысын» жүргізуді бұрыннан армандағанын айтады. Ұсыныс түсе сала, ойланбастан келістім, дейді.
Жұбаныш Жексенұлы, «Qazaqstan дауысы» жобасының жүргізушісі:
Тәлімгерліктен гөрі жүргізушілік кішкене сөзі көп, әңгімесі көп уақыты бар. Оның қиындау шаруа екенін білемін. Мен енді осы жерде тұрамын осы бөлмеде. Әр түрлі күй, әр түрлі эмоция болады. Мен жұбатуға емес қайраттандыруға, жігерлендіріп жіберуге тырысып тұрмын.
Ирина Тен, «Qazaqstan дауысы» жобасының жүргізушісі:
Мұнда шынайылық бар сезімнің барлығы бар және оны қатысушылармен бірге көрмерменмен бірге сезіну мен үшін үлкен шабыт сыйлайтын процесс деп айтсам болады. Түсірілім басталғалы бері күлеміз, жылаймыз, құшақтасамыз, секіреміз, бірге мұңайамыз. Шынын айтқанда жүректен жүрек қалмады.
Мегажобаның бұл маусым тартысқа толы болғалы тұр. Тоғызыншы қыркүйектен бастап эфирге шығатын «Qazaqstan дауысы» мегажобасын өткізіп алмаңыздар. Әр сенбі сағат 20:30-да Ұлттық арна қосулы болсын.
Асылбек Данияр