Ендігі жылы қазынаға 20 триллион теңге түспек, бірақ шығын әлдеқайда көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ендігі жылы қазынаға 20 триллион теңге түспек, бірақ шығын әлдеқайда көп

29.08.2023

Келесі жылы республикалық бюджет тапшылығы 4 триллион теңгеге жетуі мүмкін. Жетіспеушілікті жою үшін Ұлттық қордан қосымша қаржы алу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Онда 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды.

Ел экономикасының дамуына қатысты болжам 5 жылға арналған. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, ол халықаралық қаржы ұйымдарының есебі мен сыртқы факторларға сүйене отырып жасалған.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі қаралды. Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды.

Министр айтқандай, болжамда үш түрлі сценарий қаралған. Егер мұнай қымбаттап, баррелі 90 доллар болса, экономика жыл сайын 6,6 пайыз өсім көрсетпек. Ал пессимистік сценарийге сай, 60 долларға арназдаса, өсім небары 3,7 процент болмақ.

Ал республикалық бюджетке ендігі жылы 20 триллион теңге түспек. Бірақ шығын әлдеқайда көп. 24 триллион. Бюджет тапшылығын жою үшін Үкімет тағы да Ұлттық қордан трансферт жасамақ. Оның көлемі 3 триллион 600 миллиард теңге. Десе де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін қордан ақша алуды қою керек деген еді. Тіпті ондағы қаржы көлемін 100 миллиардқа жеткізуді тапсырған. Алайда Қаржы министрі басқа амалымыз жоқ дейді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Біз бизнесті қатты қысып жібермеуіміз керек. Оларға да жұмыс істейтін мүмкіндік беру керек. Сондықтан да келесі жылы 3,6 трлн аламыз деп отырмыз. Дегенмен оған 3,6-ны алғанда түсетін таза табыс 2,3 трлн теңге. Одан кейінгі жылдарда да түсім артып, 2030 жылға дейін Ұлттық қордың қаржысын 100 миллиард долларға жеткіземіз деп көздеп отырмыз.

Қордан алынатын қаржыға жол салып, жылу, газ, су құбырларын тарту көзделген. Әрі «Жайлы мектеп» пен «Ауыл денсаулығын жаңғырту» бағдарламалары жүзеге асырылмақ. Премьер-министрі бюджеттің әр тиынын тиімді пайдалануды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Жалпы жан-жақты ойластырылған, әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Ол бұрынғыдай әлеуметтік бюджет болып қала береді. 2024 жылы әлеуметтік салаға 9,9 триллион теңге көзделіп отыр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Инфляцияға қатысты болжам да оптимизмге толы. Келер жылы ол 6-8 пайыз шамасында болып, 2028 жылы 5 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Десе де мұның бәрі болжам ғана. Сондықтан Үкімет басшысы оны нақты жүзеге асыру үшін аянбай қызмет етуге шақырды. Ал құжат келесі айда депутаттарға таныстырылмақ.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу