Жетісу облысында қатты нөсер салдарынан 22 үйге зақым келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында қатты нөсер салдарынан 22 үйге зақым келді

21.08.2023

Жетісу облысында 12 тамызда болған қатты нөсер салдарынан су кірген үйлерге арнайы комиссия сараптама жүргізіп, алғашқы қорытындыларын шығарды. Тексеру барысында Ешкіөлмес және Абай ауылында 89 үйдің бүлінгені анықталды. 22 баспана апатты деп танылып бұзылатын болды. Ал 67 шаңыраққа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Айнаш Князева бұл үйін үш жыл бұрын несиеге сатып алыпты. Су кіргеннен кейін қабырға сылақтары түсіп, іргесі сөгіліп, жағымсыз иіс пайда болған. Арнайы комиссия біресе апатты деп, біресе жөндеу жүргізуге болады деп нақты жауабын әлі бермеген. Үш баланың анасы жергілікті билік шешімін жылдам шығарса екен дейді. Себебі қазір бәрі мектепте тұрып жатыр.

Айнаш Князева Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:

Осындай жағдай аяқ асты болады деп ойлаған жоқпыз. Аяқ асты осындай апат болды да, енді біздің ешкімнен сұрайтын неміз де жоқ. Үкіметтен ғана күтіп отырмыз көмекті.

90-ға жуық шаңырақ иелерінің бәрінің де жай-күйі осындай. Тосыннан келген топан судан абдырап қалған жұрт әлі де ес жия алар емес.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Ешкіөлмес ауылындағы мын үйге былтыр ғана күрделі жөндеу жүргізіліп шатыры ауыстырылған екен. Жертөлеге толған судан төбесінен сылақтар құлап жатыр. Жергілікті билік бұл шаңыраққа жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы көмектесеміз деп отыр.

Жергілікті бюджетте осындай төтенше жағдайларға деп арнайы қаржы қарастырылып қойған. Қазір сарапшылар шығын көлемін нақтылап жатыр. Әр үйді жеке-жеке бағалайтын болғандықтан біраз уақыт қажет дейді мамандар.

Сержан Оңалбаев, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:

Қорытындыны олар бір аптаның ішінде береміз деген бәрін, бүкіл үйлердің. Бірақ біз екі-үш күнде қайсысы бітеді, соларды бере беріңдер деп айттық оларға. Себебі біздің тұрғындар қазір қиналып жатыр. Мектепте қонады. Сол себепті шет жағынан тізімді бере береді, біз шет жағынан ақырындап көмектесе береміз.

Мұнан бөлек қазір су басқан елді мекендерде арықтар тазартылып, каналдар тереңдетіліп жатыр. 12 шақырым көше асфальтталып, жарық бағаналары орнатылмақ.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу