«Қазақстан» шахтасында болған апатқа кінәлілер қатаң жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» шахтасында болған апатқа кінәлілер қатаң жауапқа тартылады

21.08.2023

Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында болған апатқа кінәлілер қатаң жауапқа тартылады. «Бұл істі соңына дейін жеткіземіз», -  дейді өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, көңіл айтты. Оларға мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді. Республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Одан бөлек, компания марқұмдардың жанұясына кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеп, жерлеу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады. Баспанасы болмаған жағдайда Қарағанды облысында пәтер беріледі. Қаза тапқан кеншілердің балалары жоғары оқу орнында тегін білім алады. «Сондай-ақ, отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды», - деді Премьер-Министр. Мұнан соң, Әлихан Смайылов ауруханаға барып, кеншілердің жағдайын білді. Оларға да тиісті көмектер көрсетілетінін айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеген. Бұған дейінгі қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталып жатыр. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. 

Сондай-ақ кеншілер үшін зейнеткерлік жасын төмендету мәселесі көтерілді. Әлихан Смайылов қазір шахтерлердің 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатқанын жеткізді.

Еске салайық, «Қазақстан» шахтасында өткен бейсенбіде өрт шықты. Бұл кезде жер астында 227 кенші жұмыс істеп жатқан. Шахта астында қалып қойған бес кеншінің де денесі табылды. Қазір 11 жұмысшы ауруханада ем қабылдап жатыр. Осы апатқа байланысты кеше "«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы аза тұту күнін жариялап, қаза тапқандарды еске алды.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу