Жамбылда егіс алқаптары қурап қалған шаруалар шығыны 7 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары айтты. Жалпы өңірде суармалы жер көлемі 181 мың гектарды құраса, оның 12 мыңы күйіп кеткен. Ал алқаптарынан айырылған шаруалардың шығыны қашан өтеледі?
Осылай су сұрап, сабырын сарқыған шаруалар егіс басындағы еңбегіміз еш кетті дейді. Биыл облыстың жалпы егістік көлемі 763 мың гектар болса, оның 181 мың гектары суармалы. Әсіресе жүгері мен қызылша еккендер қиналып отыр. Қос дақылды 90 гектарға еккен байзақтық дихан 20 млн теңгеге шығындалған.
Маут Фазулов, шаруа қожалығының басшысы:
Мен де сотқа беремін «ҚазВодХозды». Өйткені мен келісімшартқа тұрғанмын. Су бересіңдер ме? Береміз. Неге алдын ала болжап, алдын ала тексермеді? Адамды алдап, сонша ақшаны жерге тастап!
Ал «ҚазСуШар» мекемесі тіршілік көзі Қырғызстаннан жылдағы мөлшерден 235 млн текше метрге аз келгенін айтады. Мәселен былтырғы суару маусымында секундына 65 текше метрден астам ағын су жіберсе, биыл ол 20-ға әзер жеткен.
Қазір мүлде тоқтағандықтан, мамандар көрші елдің 40 шақырымға созылатын арық-атыздарын тазалауға көшті. Қалдық суларды қолданудан басқа қайран болмай тұр.
Ерлан Өтегенов, «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры:
Нәтижесінде 5-тен 8 текше метрге дейін су беріліп жатыр. Ол су мына Жамбыл мен Байзақ ауданына бөлініп отыр. 6 куб толығымен жетеді.
Ал құрғақшылық құрсауындағы Қордай қайтпек? Онда қазір 6 мың гектар алқап күйіп кеткен. Шу өзенінен аз да болса су ішіп отырғандықтан, қураған алқап көлемі артпайды дейді. Ал өңір бойынша су баруға тиіс 107 мың гектар алқаптың 10 пайыздан астамы қаңсып қалған.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
Сол суармалы егістікке отырғызылған алқаптың 10-12 мың гектары жоғалды деп есептеп отырмыз. Біз енді оны шамамен сол 5-7 млрд теңге көлемінде болады деп болжап отырмыз. Бірақ оның нақты есебі әр шаруа бойынша жасалынатын болады.
Данияр Әлімқұл