Ақтөбеде өзен жағалауын тазартып жүрген азамат ел алғысына бөленді
Ақтөбеде балалар жаттықтырушысы жұмыстан тыс уақытта өзен арнасын тазалап жүр. Алмаз Есенғалиев жағалаудағы арам шөптерді отап, қоқыстарды жинайды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясына үлкен ұжымдар ғана емес, еліміздің әр тұрғыны өз үлесін қосуы керек.
Бұл қала ортасымен ағып өтетін Сазды өзені. Жағалай қоныстанған халық көп. Тұрғындар арасында тазалық сақтай бермейтіндері әлі де кездеседі. Одан бөлек, сумен ағып келетін бұталар мен пластик ыдыстар жағаға шығып қалады. Алмаз оларды жинап, арамшөп пен қураған қамыстарды орады. Осы уақытқа дейін бір өзі 6 жүк көлігімен қоқыс шығарған.
Алмаз Есенғалиев, қала тұрғыны:
Тырманы алып, шығарып, солай жинадым. Адамдар көрсін оны, өздері де шығып жинасын деген ой бар. Қоқыс жинау қиын емес, әрбір адамның қолынан келеді. Ол – міндет. Біздің азаматтардың міндеті.
Алмаз өзен жағасын тазалауды екі жыл бұрын бастаған. Тіпті, жаңбырлы күндері ми батпаққа айналатын ескі сүрлеумен мектепке қатынайтын балалар үшін өз қаржысына ондаған тонна қиыршық тас төктірді. Оның бұл әрекетін көрген тұрғындар алғысын жаудыруда.
Сансызбай Сарымсақ, қала тұрғыны:
Жақсы іс істеп жатыр. Алғысымыз шексіз! Өзі әрдайым Сазды өзеніне шығып, қоқыстарды жинап тұрады. Осындай азаматтарды қолдап, бәріміз де үлесімізді қосып, қаламызды тазартуға үлесімізді қосайық.
Алмаз бірер жыл бұрын осы аумақтағы жалғыз жаяу
жүргіншілер өткелін де ретке келтірген. Алайда, бұл жерге талапқа сай көпір
қажет. Сондықтан жаңа нысанды салуға әкімдік қол ұшын созса дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы