Баспана алудың жаңа әдісі бойынша отбасының табысына шектеу қойылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспана алудың жаңа әдісі бойынша отбасының табысына шектеу қойылмайды

17.08.2023

Бұдан-былай елімізде жеңілдетілген ипотека арқылы үй алатындарға баспана жаңаша әдіспен беріледі. Нақтырақ айтсақ, отбасының табысына шектеу қойылмайды. Сондай-ақ пәтер құнына да шектеу жоқ.

Амантай мен жұбайы Нәзиляның 6 баласы бар. Отбасы құрғалы пәтер жалдап келеді. Баспаналы болайын десе, үйдің бағасы жыл сайын аспандап барады. «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларына өзгеріс енгізілгенін естіп, үйлі боламыз ба деген үміт оты қайта жанды дейді.

Амантай Данияр, қала тұрғыны:

Жақсы өзгерістер деп ойлаймын. Адамдарға пәтер, үй алуға мүмкіншілік бар. Пәтер жалдап жүргенімізге 7 жыл болды. Көп бала-шағамен өте қиын. Өйткені пәтердің жалдау ақысы бар, балалардың тамағы бар.

«Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламаларына енгізілген өзгерістер мынадай: жеңілдетілген несие берерде отбасының табысына шектеу қойылмайды. Бұған дейін кіріс көлемі шекті мөлшерден 100 теңгеге асып кетсе де, өтініш мақұлданбайтын. Тағы бір жаңашылдық пәтер құнына да шек жоқ. Бұрын өңірге байланысты үй бағасы 10 мен 18 млн теңгенің аралығында еді. Енді ондай талап жоқ. Мұндай өзгеріс баспанаға зәру мегаполис халқының көңілінен шыққан сыңайлы.

Айта кету керек, алғашқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын құрайтын қаражат болса, үйді 2 немесе 5 пайыздық мөлшерлемемен алуға мүмкіндік мол. Қазір еліміз бойынша жергілікті әкімдіктерде 227 мыңдай адам үй кезегінде тұр. Оның 40 мыңнан астамы Алматыда тіркелген. Жыл соңына дейін мыңға тарта отбасы баспаналы болады деген жоспар бар.

Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:

Әкімдік тарапынан жайлылық классы бойынша үшінші, төртінші класстағы үйлер салынады. «Жас қанат» ықшам ауданында бүгінгі таңда «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламасына арнап шамамен 2 мың 800 үй берілу жоспарланып отыр. Бұл үйлерде 1,2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Жалпы жылдың соңына дейін 1 мың 900 отбасыға үй берілу жоспарланып отыр. Бағасы бір шаршы метрі 272 мың теңгені құрайды.

Айта кету керек, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша әкімдікте үй кезегінде тұрған барлық санаттағы азаматтар баспаналы бола алады. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасына 1-2 топтағы мүгедектер, көп балалы отбасылар, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатысады. Тағы бір өзгеріс енді кезекте тұрған 1-2 топтағы мүмкіндігі шектеулі табысы жоқ азаматтарға барлық туыстары кепіл бола алады. Яғни азамат еңбекке қабілетсіз болса да, ипотекаға үй рәсімдей алады.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу