Азия ойындарында брейкинг биіне қатысатын қазақстандықтар да бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия ойындарында брейкинг биіне қатысатын қазақстандықтар да бар

16.08.2023

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарында 500-дей спортшымыз, 33 спорт түрінен бақ сынайды. Қазір олар соңғы оқу-жаттығу жиындарын пысықтап жатыр. Бұл жолғы дода жаңа спорт түрлерінің қосылуымен ерекше. Солардың бірі – брейкинг.

Бір орында шыр көбелек айналып, денесінде шортан тулағандай жұлқынып жатыр. Тап осы көше биі табалдырықты аттап, төрге шықты. Себебі 2020 жылы ол ресми түрде олимпиадалық тәптіп ретінде танылып, 2024 жылы Парижде өтетін ойындар бағдарламасына енгізілді. Атауы – Брейкинг. Яки көшедегі динамикалық акробатикалық би.

Оралхан Балмағанбетов, ҚР МСМ Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту басқармасының басшысы:

Брейкингті айтатын болсақ, ол Олимпиадаға енді кіргендіктен ол бізде жас спорт болып саналады да, енді дамуына барлық қаражаттарды, оқу-жаттығу жиындары болсын, ол не үшін керек осындай спорт түрі барын жариялап, дирекция тарапынан қаражат бөлініп жатыр.

Жалпы брейкинг бізге 80-інші жылдарда келген деседі. Бірақ кең қолданысқа бертінде, 2010 жылдарда ғана ене бастады. Қазір біздің бишілер халықаралық деңгейде жоғары бағаланады. Алдағы Азия ойындарында фавориттер қатарындамыз.

Шерхан Жеңіс, Республикалық спорттық би федерациясы заманауи би қауымдастығының директоры:

Басты үміткеріміз Зәкіров Әмір деген жігіт. Кезінде кәсіби промоушнымыз бар өзіміздің сол жерден 2021 жылы бірінші орын алған. ТМД елдері арасынан ешкім ала алмаған ол титулды соны Қазақстан бірінші біз алғанбыз. 2021 жылы ресми Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болдық.

Әмірден бөлек Дәулет Анарбекұлы мен Саера Әлібекова да ел намысын қорғап, Азия ойындарына қатысады. Тұтас брейкингте екі-ақ медаль бар. Себебі салмақ дәрежесі жоқ. Ерлер және әйелдер арасында ғана жеңімпаздар анықталады. Хош, тойы көп елге тап би жарысынан Азия ойындарының чемпионы керек-ақ.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу