Президент Павлодар өндіретін өнімдермен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Павлодар өндіретін өнімдермен танысты

09.08.2023

Мемлекет басшысы Павлодар қаласына барып, аймақта өндірілетін өнімдермен танысты. Көрмеге тамақ, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ металлургия, машина жасау, құрылыс, мұнай химиясы мен фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты. Тауарларын аралап көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдауды арттыру қажеттігін айтты. Кейін «Зенит» зауытына барып, кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда бетон, іргетас блоктары, кірпіш секілді құрылыс материалдары өндіріледі. Таяуда зауытта полиэтилен құбырлар шығаратын өндірістік желі іске қосылды. Өнім шаруашылық-ауызсу және техникалық сумен жабдықтау құбырларын салуда кеңінен қолданылады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негізінде құрылған аймақтық IT-Hub қызметімен танысты. Мұнда ақпараттық қауіпсіздік және машина жасау саласының болашақ мамандары білім алып, бизнес серіктестер таба алады. Қала оқушыларына мектеп жасынан кәсіптік бағдар беру үшін IT Hub базасында «Робототехника», «Графикалық дизайн», «3D-прототиптеу» бағыттары бойынша курстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ ересектерге арналған компьютерлік сауат ашу курсы бар. Президент желілік және жүйелік басқару, 3D-прототиптеу зертханаларын, сондай-ақ металды лазермен кесу цехын аралап көріп, аймақтың креативті жастарымен әңгімелесті.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу