Президент Вьетнамның ірі кәсіпорындарын аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Вьетнамның ірі кәсіпорындарын аралады

22.08.2023

Бүгін Мемлекет басшысы Вьетнамның миллиардерлерін Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Ірі кәсіпорындарды аралап, өндіріспен танысты. Әрі зауыттарды аралау барысында технология саласында тәжірибе алмасу қажеттігіне назар аударды.

Вьетнам өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып жатқан ел. Қарапайым киімнен бастап жоғары технологиялы заттарға дейін өндіреді. Түрлі брендтік киімдердің фабрикасы осында. Теледидар, тоңазытқыш тұрмыстық техникалар мен смартфондар шығарады.

Ханойға жасаған сапарының екінші күні Президент осындай зауыттардың біріне барды. Өнім шығару процесімен, кәсіпорында қолданылатын технологиялармен танысты. Мұнда акустика, оптика, виртуалды құрылғылар, ақылды гарнитуралар мен тұрмыстық техникалар шығарылады. Кәсіпорынның жылдық табысы 3 миллиард долларға таяу.

Ал бұл жаңа үлгідегі банкоматтар, автоматты касса аппараттарын өндіретін кәсіпорын. Банк-қаржы саласына арналған бағдарламалар да жасайды. Зауыттың өндіріс желісімен танысқан Мемлекет басшысы қаржы технологиясы саласында тәжірибе алмасу қажет екенін айтты. Тіпті мұндай кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру жағын қарастыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зауыттарды аралауының мәні осы.

Ерлан Байжанов, ҚР Вьетнам социалистік республикасындағы елшісі:

Талай мүмкіншіліктер бар. Оны пайдалану керек. Вьетнам қазір осы әлемде даму жағынан бірінші-екінші орында. Былтыр экономикасы 8 проценттен көп өсті. Сондықтан бұл мемлекетпен, бұл экономикамен тығыз жұмыс істеуіміз керек.

Президент керамика бұйымдарын шығаратын деревняға да барды. Хайзыонг провинциясында орналасқан шағын ауылдың Чу Дао деп аталуы бекер емес. Чу Дао - XII ғасырдан бастау алатын керамика бұйымдарын дайындаудың көне вьетнамдық әдісі. Бұл қолөнер XIV-XV ғасырларда дамып, XVII ғасырда жоғалып кеткен. Алайда 2001 жылы Ханой сауда корпорациясы ежелгі қолөнерді қайта жаңғыртқан. Қазір бұл жер туристер көп келетін деревняға айналды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев қыш құмыра жасау процесімен танысты, құрметті қонақтар кітабында жазба қалдырды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша Мемлекет басшысының Ханойға жасаған ресми сапары тәмәм. Президент бұл күндері әріптесімен келісімге келіп, Вьетнамның миллиардерлерін Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Қысқасы, табысты келісімдер мен уағдаластықтар аз емес. Ендігі маңызды міндет – соны іске асыру.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу