Астанада футбол қақпасы құлап, мерт болған баланың қайғылы оқиғасы бейнебақылауға жазылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада футбол қақпасы құлап, мерт болған баланың қайғылы оқиғасы бейнебақылауға жазылған

08.08.2023

Астанада футбол қақпасы құлап, мерт болған баланың қайғылы оқиғасы бейнебақылау камерасына жазылған. Мектеп директорының айтуынша, бұл маңда балалар ойнайтын жер жоқ. Сондықтан оқушылардың жаз бойы ала доп тебуіне ешкім қарсылық білдірмепті. 10 жастағы Ерұлан Ибрахим жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Балалар бұл жерде әр кез алаңсыз ойнап жүрген.

Бұл мектеп ауласындағы бейнебақылау камерасына жазылған кадрлар. Онда футбол алаңында бір топ баланың алаңсыз футбол ойнап жүргенін анық көруге болады. Кенеттен 10 жастағы оқушының үстіне футбол қақпасы құлаған.

Никита Морозов, куәгер:

Ол футболдың қақпасына тартылды, өзі құлап қалды. Артынан қақпа оның үстіне құлады. Бірден жедел-жәрдем, полиция келді. Баланың үстіне мата жапты. Оқиға орнын қоршады. Бізді, жолатпады. Мен енді бұл алаңда ойнауға қорқамын.

Бақытжан Орынбаев, Ж.Ташенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының директоры:

№10 мектеп-гимназиясының футбол алаңында осы мектептің 4-ші сынып оқушысы Ерұлан Ибрахим футбол алаңында ойнап жатқан кезде футбол қақпасы құлап, кеше қайтыс болды. Ойнап жатқан кезде бала тартып қалған сетканы, содан құлаған. Осы жердегі қақпа таңғы сағат 9 дан, кешкі 9 дейін ашық тұрады. Осы ауланың балалар. Басқа ойнайтын жері жоқ.

Самал Қабышева, тілші:

Қайғылы оқиға осы жерде болған. Дәл осы футбол қақпасы 10 жастағы баланың үстіне құлаған. Қазір бұл қақпаны темірмен тартып, бекітіп қойған.

Футбол алаңының есігіне осылай құлып салынған. Жабық тұр. Кіруге рұқсат жоқ екені ескертілген. Бірақ, бұл алаңға осы қоршау арқылы ойын баласы тұрмақ, біз ересектер де емін-еркін еш кедергісіз кіре аламыз. Ал қайғылы оқиғаның қайталанбасына кім кепіл?

Қазір оқушының өліміне қатысты полиция қылмыстық кодекстің 306 бабы, яғни Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару, сату немесе талапқа сай емес жұмыстарды орындау бойынша іс қозғап, тергеуді бастады. Осы бап бойынша абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан жағдайға кінәлі адам 4-8 жылға дейін басбостандығынан айырылуы мүмкін.

Нариман Еламанов, Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл футбол алаңы 2011 жылы салынған. 2019 жылы біздің дерегіміз бойынша замена футбольный поля болған. Одан кейін ештеме жасалмаған. Бізде 100 мектеп бар. Барлығында спорт алаңдары бар.

Полицияның ақпаратына сәйкес, футбол қақпасы баланың басына құлап, мерт қылған. Бүгін 10 жастағы Ерұлан Ибрахимді етжақындары жер қойнына тапсырды. Ол үйінде үш ағайынды болған. Жалпы, футбол алаңына қатысты бұл еліміздегі алғашқы жағдай емес. Биыл сәуір айында Қарағандыда оқушының үстіне футбол қақпасы құлап, аяғы сынды. Ал биыл маусым айында Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған 16 жастағы жасөспірім қайтыс болған.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу