Қазақ-ауған тараптары өзара ынтамақтастықты нығайтуды көздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-ауған тараптары өзара ынтамақтастықты нығайтуды көздейді

03.08.2023

Қазақстан Ауғанстанға жеткізетін тауар түрін көбейтеді. Елордада өткен екі ел арасындағы бизнес-форумда құны шамамен 200 млн долларға жуықтайтын құжаттарға қол қойылды. Ынтымақтастық артып келеді. Бұл - әуелі экономикаға серпін. Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақты дамуға кепіл. Диалог алаңына айналған форум туралы Дарын Сағитов тарқатады.

Дарын Сағитов, тілші:

Қазақстан үшін Ауғанстанның көлік-логистикасы өте тиімді. 200 млн халқы бар Пәкістан нарығына тура жол. Бұған қоса, Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне, тіпті, Африкаға шығуға болады. Сондықтан іскерлік байланыс әуелі отандық кәсіпкерлер үшін ұтымды. Қазақстандық экспорт көлемі артады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауарайналым 1 млрд долларға жуықтады. Тараптар бұл көрсеткішті 3 млрд-қа жеткіземіз деп отыр.

Қазақстан Ауғанстанға азық-түліктен бөлек, мұнай-химия, металлургия, машина жасау саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға дайын. Бізде жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорындардың саны 52-ге жетті. Ал тауар айналымның 90 пайызы қазақстандық экспортқа тиесілі.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Транзиттік тасымалдаудың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыстарды бастадық. Бүгінде Түркіменстан өз аумағы бойынша тасымалдарды дамытуға мүдделі және өз аумағы бойынша жеңілдетілген транзиттік тариф ұсынуға дайын.

Отандық ұн экспортының 70 пайызы Ауғанстанға жөнелтіледі. Осы жылдың алғашқы 4 айында Өзбекстан арқылы 450 мың тоннадан астам ұн жеткізілген. Көрші мемлекетпен де жеңілдік шарттары пысықталды. Енді Ауғанстан қазақстандық инвесторларға қызығушылық танытып отыр. Ол үшін кәсіпкерлерге виза беру тетіктері де қарастырылады.

Нұриддин Азизи, Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі:

Өзбекстан, Иран, Ресей, Қытай және Пәкістан кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргіздік. Нәтиже бар. Жүздеген инвесторлар қызығушылық танытты. Жұмыс істеуге рұқсат алды. Бізде салық жеңілдіктері бар. Мен қазақстандық инвесторларды Ауғанстанға шын жүректен шақырамын. Бізде пайдалы қазбаларды өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету саласында үлкен мүмкіндіктер бар.

Экономика мен сауда ынтымақтастығы. Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық. Негізгі қағида осы. Сондықтан алыс-беріс үзілмейді. Болашақта Алматыда қазақ-ауған кәсіпкерлерінің сауда үйі ашылады. Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту үшін БҰҰ Өңірлік орталығы құрылады. Форум аясында шамамен 200 млн доллар болатын ортақ құжаттарға қол қойылды. 70-ке жуық компанияның өнімдері қойылған ауған тауарларының көрмесі ұйымдастырылды.

Мохаммад Навид, кәсіпкер:

Бізде бәрі табиғи. Қазір біз Азияға үш-төрт елге жіберіп жатырмыз. Германияның Гамбург қаласына да. Мынаны жасау үшін бізге не керек? Ұн керек. Қазақстаннан ұн алып, тәттілер, азық-түлік әкеле береміз. Сондықтан біздің мақсатымыз үлкен.

Қазақ пен ауғанды байланыстыратын тағы бір бағыт – гуманитарлық сала. Соңғы екі жылда Ауғанстанға 81 вагон азық-түлік, 10 мың тонна ұн және дәрі-дәрмек жеткізілді. Қазақстан ауған студенттерін оқытуға да дайын. Биыл оларға 30 грант бөлінеді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу