Әлихан Смайылов: Ауыл шаруашылығы саласына шұғыл жаңа техника қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: Ауыл шаруашылығы саласына шұғыл жаңа техника қажет

01.08.2023

Ауыл шаруашылығы саласына шұғыл жаңа техника қажет! Өйткені шаруалардың трактор, комбайндары әбден ескірген. Тозу көрсеткіші 76 процент. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты. Үкіметте машина жасау саласын дамыту жайы қаралған болатын.

Досжан Маратұлы, тілші:

Соңғы 5 жылда бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 1,5 есе артты. Ал өндіріс көлемі 3 есе көбейіп, 3 триллион теңгеге жетіп отыр. Былтыр отандық кәсіпорындарда 100 мыңнан астам авто шығарылған. Десе де Үкімет басшысы бұл жеткіліксіз дейді. Өйткені ішкі нарықтың небары 13 пайызын ғана қамтып отырмыз. Қалғаны импорт. Ал ауылшаруашылығы техникаларын шығару көрсеткіші тіпті төмен. Сондықтан әбден тозған шаруалардың трактор, комбайндарын жаңалау мүмкін болмай тұр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі шамамен 76%-ға жетіп отыр.

Былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарды.Бірақ бұл жеткіліксіз. Дихандарға жаңа техника қажет! Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет.

Ол үшін Премьер-Министр «ауыл шаруашылығы техникасын шетелден сатып алуға бөлінетін субсидияны тоқтату қажет», - дейді. Оның айтуынша, бұл отандық кәсіпорындарды қолдап, өндірісті арттыруға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек машина жасау саласын дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу