Родос аралынан адамдарды қауіпсіз жерге көшіру әлі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Родос аралынан адамдарды қауіпсіз жерге көшіру әлі жалғасып жатыр

26.07.2023

Грекияда орман өртінің жалғасып жатқанына бір аптадан астам уақыт өтті. Тілсіз жау туристер демалып жатқан аралдарды шарпыды. Мыңдаған адам эвакуацияланған. Ел үкіметі тұрғындарға алдағы үш күн аса қиын болатынын ескертті. Оның үстіне, елде аптап ыстық. Мұндай ауа-райы Еуропа мен Солтүстік Африка мемлекеттерінде ұзаққа созылды. Ғалымдар күннің шыжуына климаттың өзгеруі себеп дейді. Грекияда 43 мың га орман алқабы күлге айналды. Елдің бірқатар өңірінде өртке байланысты қауіптің ең жоғары қызыл деңгейі жарияланған. 47 градус аптап ыстық пен күшті жел жалынды тоқтатуға кедергі келтіріп отыр. Мұндай ауа райы тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Ставрос Никитарос, волонтер:

Әлі сене алар емеспін. Арал өртке оранды. Әдемі жер еді. Бізде ештеңе қалмады. Не істерімізді білмейміз. Өртпен 5 тікұшақ күресіп жүр. Алайда мынадай күшті жел кезінде оны сөндіру мүмкін емес.

Димитрис Хаджифотис, мейрамхана қожайыны:

Үкіметтен көмек күтеміз. Бірақ алдымен өрт сөнсе екен. Үйлер өртенбесе екен. Менің екі кәсібім: мейрамханам, фермам бар. Екіншісі түгелдей өртеніп кетті.

Спутниктен түсірілген мына суреттерде Родостағы өрттің ауқымы көрсетілген. Аралдың орталық бөлігінде орман алқабы күлге айналды. Лапылдаған жалынды сөндіруге әскерилер көмектесіп жатыр. Соңғы 12 күнде күллі ел аумағында 500-ден аса өрт сөндірілген. Туристер арасында танымал аралдардағы 20 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар мектептер мен спорт ғимараттарын паналауға мәжбүр. Эвакуация әлі жалғасып жатыр. Жағдай әсіресе Родос пен Корфу аралдарында күрделі. Ал Эвия аралындағы өртті сөндіру кезінде ұшақ құлаған. Оның бортында болған екі ұшқыш мерт болды. Марқұмдардың қазасына байланысты елде үш күн аза тұту күні жарияланды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу