Алматыда автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды

24.07.2023

Алматыда екі автобус соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапқан жол апатына қатысты сот үкімі шықты. №98 автобустың жүргізушісі кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды. Зардап шегушілердің пайдасына моральдық шығын ретінде әрқайсысына 2 млн теңгеден төлеуге міндеттелді. 36 жастағы қоғамдық көлік жүргізушісіне Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның қызыл түсіне өтті деген айып тағылған. Сотталушы сотта өзін ақтауды сұрап, кінәсін мойындамады. Екінші автобус жүргізушісінің де кінәсі бар екенін айтып, оны да жазалауды сұрады. Еске салайық, былтыр қарашада шаһарда екі автобус соқтығысып, салдарынан 1 адам көз жұмып, 21 адам түрлі дене жарақатын алған еді.

Қайрат Иманқұлов, Алмалы аудандық сотының судьясы:

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған аталған бап бойынша 2 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзім көлік жүргізу құқығынан айырылсын. ҚК 46-шы бабының 5-бөлігіне сай жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленсін.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу