Еуразиялық экономикалық одақ аясында мемлекеттік сатып алуларға қатысу жеңілдей түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақ аясында мемлекеттік сатып алуларға қатысу жеңілдей түсті

21.07.2023

Еуразиялық экономикалық одақ аясында мемлекеттік сатып алуларға қатысу жеңілдей түсті. Енді Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь кәсіпкерлері еліміз жариялайтын конкурстарға қатысып, тендерлерді ұта алады. Бұл отандық бизнестің дамуына қалай әсер етуі мүмкін? Сарапшылар не дейді?

Досжан Маратұлы, тілші:

Тендер. Бұл мемлекеттік ұйымдар мен ірі компаниялар өздеріне қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін жүргізілетін конкурс. Осы уақытқа дейін оған негізінен қазақстандық кәсіпкерлер қатысып келді. Енді бұдан былай Ресей, Армения, Қырғызстан, Белорусь секілді елдердің бизнесмендері де мемлекеттік сатып алуларға оп-оңай қатысып, пайда таба алады.

Бұрын ол үшін түрлі шектеулер бар еді. Әрі одақ аясында мемлекеттік сатып алуға шығарылатын тауарлар мен қызметтер аз болатын. Енді заң аясында кедергілер жойылды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпкерлеріне тендер ашық. Әрі теңдей мүмкіндік беріліп отыр.

Бақыт Сұлтанов, ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі:

Бизнестің мемлекеттік сатып алуға белсенді қатысуы өнеркәсіптік кооперацияны дамытады. Әрі одаққа мүше елдердің өндірушілері
арасында қолайлы бәсекелестік үшін жағдай жасайды. Сондықтан комиссия бұл нарықты бизнес үшін барынша қолжетімді етуге, ЕАЭО-ның барлық елінің өндірушілері мен жеткізушілері үшін мемлекеттік сатып алуға тең қолжетімділіктің сақталуын қамтамасыз етуге тырысады.

Қазір мемлекеттік сатып алу сайтында тау-кен, құрылыс саласынан бастап, жиһаздар мен қарапайым канцеляриялық тауарларды жеткізіп беру үшін миллиондардың, миллиардтардың тендері жарияланып жатады. Енді оны біздің кәсіпкерлер өзгемен бөліссе, ел экономикасына қалай әсер етпек? Сарапшылар мұндай бастамаға қарсы. Экономист Рашид Жақсылықовтың айтуынша бұл өндірісі жоғары Ресейге тиімді болуы мүмкін. Бірақ біздің бизнесмендерге берері жоқ. Сондықтан санкцияның астында қалған елдің кәсіпкерлері еліміздің тендеріне қатысқысы келсе, өндірісін Қазақстанға көшіруі керек деген пікірде.

Рашид Жақсылықов, экономист:

Қазақстан жағынан қадағалайтын үш түрлі дүние бар. Бірінші ол кәсіпорын міндетті түрде Қазақстанда тіркелуі керек. Міндетті түрде ол кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде 50 пайызы Қазақстан азаматы болуы керек. Үшіншіден ол жерде 100 пайыз Қазақстан азаматтары жұмыс істеуі керек. Осыған көнсе, неге келмеске.

Ал мемлекеттік сатып алу саласында жүрген кәсіпкер Азамат Серікұлы жаңа бастамаға қарсы емес. Оның айтуынша тендердің одаққа ортақ болуы шағын кәсіпкерлерге зиянын тигізбейді. Тек миллиардтармен жұмыс істейтін ірі компанияларға бәсекелестік тудыратыны рас. Бірақ бәсекелестік бар жерде өсу бар.

Азамат Серікұлы, кәсіпкер:

Өйткені қорқа берсең, қорқау көрінеді дейді қазақта. Сол үшін қорықпай керісінше оған дайын болуымыз керек. Бізде қазір границаны аштық деп көбі қорқып жатыр. Жоқ, біз негізгі конкуренцияға тұрақталатын болсақ, олырды да жеңе аламыз.
Десе де мұның оңай болмайтыны анық. Қалай болғанда да мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістің экономикалық әсерін уақыт көрсетеді.
Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу