Экспорт нарығын кеңейту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экспорт нарығын кеңейту қажет

10.01.2014
Экспорт нарығын кеңейту қажет
Биылдан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдер - мемлекеттік сатып алуларға ұлттық тәртіптемені ұсынуда. Бұл өз кезегінде қазақстандық өнім жеткізушілерге, ресейлік және беларусьтік өнім берушілермен тең дәрежеде осы екі елдің мемлекеттік және муниципалдық сатып алуларына қатысуға мүмкіндік береді.
 
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақ Келісімі жобасын талқылау жөніндегі отырыс барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.
 
Жалпы, 2012 жылы Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің мемлекеттік сатып алу нарығының көлемі 198 миллиард долларды, ал Қазақстанның мемлекеттік сатып алу нарығы 7 миллиард 600 миллион долларды құрады.
 
Серіктес мемлекеттер нарығы отандық нарықтан 26 есе артады. Бұл отандық тауар өндірушілерге даму әлеуетін арттыруға серпін бермек.  
 
Тимур Жақсылықов, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі:
2010-2012 жылдары Кеден одағы аумағындағы тауар айналымы екі есеге артты. Ресей және Беларусь елдерімен Қазақстанның тауар айналымы 24,5 миллиард долларға жетті. Оның ішінде басым үлес Ресеймен арада орын алған. Бұл ретте импорт пен экспорт көрсеткіштерінің өзгерісіне келсек, бұл бағыттағы сандар бір деңгейде болып отыр. Өйткені, импорт пен экспорт та бірдей үш жыл ішінде 91 және 92 пайызға дейін өсті.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу