Жамбылдық диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды

21.07.2023

Құрғақшылықтың қыспағында қалған Жамбылдық диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Өйткені облыстағы он ауданның алтауында тіршілік нәрі тапшы. Әсіресе, Қордай, Меркі, Талас, Байзақ пен Жамбыл аудандарында жағдай мәз емес. Ал еліміз бойынша қант қызылшасын ең көп өсіретін Меркіде мың гектар алқап қурап қалған.

Меркідегі шаруалар орталық стадионға жиналды. Диқандар доп тебу үшін емес, доп ұқсап домалап, бармаған жеріміз жоқ деп ашулы. Жиналған елдің қарасы бір қарағанда жәрмеңкеге қатысып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ олар мұнда өндірген өнімді емес, судың жоқтығынан сәбіздей солған қызылшаларын ала келген.

Құрғақшылықтан құтылудың жолын ойластырған диқандар қылша түбірін 3 рет егіп көрген. Бірақ бұл амалдарынан да сусыз түк шықпаған. Көктемгі үсік, жаздағы шегіртке мен кешіккен субсидияның кесірі тиеді. Алқап басындағы ағайын табысқа шығамыз деп тақырға отырдық деп күйінеді. Енді тығырықтан шығу үшін төтенше жағдай жариялауды сұрайды.

Арнұр Сәбит, шаруа:

Бізге төтенше жағдай жарияласа. Кішкене ЧС режимінде нам позволит несиемізге немесе басталған ісімізге демеу болар еді қаржыдан.

Сансызбай Иманбетов, шаруа:

Мысалыға бізге ек дегеннен кейін ектік оларды. Бәленбай тиын жұмсадық оған. Сол қаражатқа бізге көмек сұраймыз. Субсидия бере ма. Қалайда үкімет жағынан.

Аудан әкімі Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімей жатқанын айтты. Ағын суға қатысты барлық аудандар бір кемедеміз деп түйді. Ал күні кеше министрліктен комиссия келген. Енді елорадаға қайтқан зерделеушілер шығын көлемі ауқымды деп тапса ғана төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі: Шарт бойынша олар 1,5 куб су беру керек. Бүгінгі күні бір тамшы су жоқ. Жұт жылы болады деген, құрғақшылық жыл болады, тапшылық жыл болады. Сондай жылдың бірі. +Бұл үкімет тарапынан қабылданатын шешім, енді ол төтенше жағдай жариялау арқылы.

Аудан бойынша егілген қант қызылшасының жалпы көлемі 3 мың гектар. Оның жартысына ғана су берілген. «Қалғаны «ҚазСуШар» мекемесімен шартқа отырмай, өз бетінше егіп тастаған» деді, аудан әкімі. Шығынға батамыз деп шырылдаған диқандар енді Үкіметтің шешіміне үміт артып отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу