«Витебск» байқауының Гран-При иегері Шерхан Арыстан елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Витебск» байқауының Гран-При иегері Шерхан Арыстан елге оралды

17.07.2023

«Витебск» байқауының Гран-При иегері, отандасымыз Шерхан Арыстан елге оралды. Беларусьте өткен халықаралық фестивальға 20-ға жуық елдің өнерпаздары қатысты. Жас талант мүмкін болған 140 ұпайдың 140-ын иеленіп, үздік атанды. Алматы жұртшылығы ел мақтанышын әуежайдан сән-салтанатпен күтіп алды.

Халықаралық додада ел намысын асқақтатқан Шерхан Арыстанды қала жұртшылығы қошеметпен қарсы алды. Талантқа ыстық ықыластарын білдіріп, алғысын жеткізді. Әнші бұл байқауға үлкен дайындықпен барғанын айтады.

Шерхан Арыстан, «Витебск-2023» байқауының Гран-При иегері:

Мен бас жүлде алған кезде қатты қуандым. «Молдабайға» төрт ай дайындалғаным үшін. Молдабайдың темпі тез. Мен соған үлгермегенмін. Қазір үлгеремін.

Шерхан Арыстан - Ұлттық арна ұйытқы болған былтырғы «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының лауреаты. Финалға дейін шыққан өнерпаз өзінің қазақилығымен, ерекше дауысымен көрермен көзайымына айналған. Енді міне, халықаралық өнер сайысында топ жарды.

Қалбибі Алпысбайқызы, Шерхан Арыстанның ұстазы:

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Ол жерде әрине, тақымды қыстық. Ол сезімді жеткізу мүмкін емес. Барлығы, Белорусь халқының да көздері жетті. Қазақстанның қара баласының қандай деңгейде шыққанын өздері көрді.

«Жас таланттың өнерге деген қабілетін ерте кезінен байқаған әжесі өнер студиясына жетелеп апарған. Содан бері тынбай еңбектеніп келеді», - дейді анасы.

Эльнара Серікқызы, анасы:

Әнге өте қатты қызығып, менде өлең айтқым келеді. Үлкен сахнаға шыққым келеді деп 4 жасынан. Алдына қойған мақсаты, арманы.

Шерхан Арыстанның ендігі арманы – авторлық ән жазып, клип түсіру. Ел намысын бұдан да жоғары әлемдік додаларда қорғау.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу