Луиза Нұрқуатова «Витебск-2015» балалар байқауының Гран-приін жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Луиза Нұрқуатова «Витебск-2015» балалар байқауының Гран-приін жеңіп алды

14.07.2015
Луиза Нұрқуатова «Витебск-2015» балалар байқауының Гран-приін жеңіп алды

Беларусьтің Витебск қаласында өткен XXIV «Славян базары-2015» халықаралық байқауы  шеңберіндегі XIII «Витебск-2015» балалар байқауының Гран-при жүлдесіне қазақстандық  Луиза Нұрқуатова лайық деп танылды. 

Байқаудың алғашқы күні Луиза Нұрқуатова қазақ тілінде ән шырқады, екінші күні орыс тілінде «Хорошее настроение» әнін орындады. Байқау қорытындысы бойынша әнші Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Жеңімпазға конкурс жүлдесі «Лира» мен дипломды және 5 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны Ресейдің Халық әртісі Дмитрий Маликов табыстады.

Бірінші орын украиналық жас өрен Дарина Галицкая берілсе, екінші орынды Грузиядан келген Стефания Соколова және Лизи алды. Ал, үшінші орынды Украина және Ресей елдерінен келген Вероника Устимова мен Дарья Пышная өзара бөлісті.

Луиза Нұрқуатова – «Ертегілер» вокалдық тобында өнер көрсетеді. Қалалық, облыстық, республикалық конкурстарға қатысқан. Жас талант «Аялаған Астана» эстрадалық орындаушылардың республикалық балалар байқауының ІІ  жүлделі сыйлығының; «Алтын микрофон» халықаралық вокалшылар балалар байқауының І сыйлығының; «Бозторғай-2014» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің Гран-при иегері.

Айта кету керек, «Витебск-2015» вокалшылар байқауына 17 елден 20 бүлдіршін қатысты.  Байқау қонақтары қатарында  Валерий Меладзе, Ирина Аллегрова, Тамара Гвердцители, Валерий Леонтьев, Григорий Лепс, Әлішер Каримов пен Александр Рыбак тәрізді танымал өнер иелері болды.

Хабарламаларға жазылу