Ақтөбеде тағы да қоқыс полигоны өртеніп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тағы да қоқыс полигоны өртеніп жатыр

13.07.2023

Ақтөбеде тағы да қоқыс полигоны өртеніп жатыр. Бүгін үшінші күн. Ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшері бұл жолы бір жарым есеге артқан. Осыдан бір ай бұрын жауаптылар «тұрмыстық қалдықтардың бетін құммен жауып жатырмыз, енді мәселе болмайды» деген еді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жылда қайталанатын проблема. Қоқыс полигоны былтырдың өзінде 15 рет жанған. Жақын маңда тұратын тұрғындар биыл да көк түтінге тұншығып отыр.

Аумағы 42 гектар болатын бұл полигон 2028-інші жылға дейін жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда, мерзімінен бұрын толып қалды. Оның үстіне соңғы 8 жыл бойы өрттен көз ашпай тұр. Мамандар өрт ошағы тереңде болғандықтан, сөндіру де оңай шаруа емес дейді. Бұған дейін 30 техника жұмылдырылып, беті құммен жабылған. Бірақ, одан нәтиже болмады.

Меруерт Сейітжаппарова, облыстық Экология департаментінің инспекторы:

Апат туралы бізге мерзімінде хабарламағаны үшін әкімшілік айыппұлдар салынды.Өрттің жиіленіп кетуіне байланысты осы «Табыс –Ақтөбе» серіктестігіне қатысты экологиялық рұқсатты қайтып алу туралы сотқа құжаттар дайындалып жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір бықсып жатқан аумақтардың бетін топырақпен жабу жұмыстары жүріп жатыр.Сондай-ақ аумағы 12 гектар болатын жаңа полигон ашылды.

Хабарламаларға жазылу