«Жұрт жаппай интернет желісінде отырғандықтан, оның жылдамдығы да баяу» - деген Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин алдымен инфрақұрылымды жаңартып, сосын нарықты тежеп тұрған монополияны реттеу керек дейді. Яғни, ол «Қазақтелеком» компаниясынан байланыс операторларын шығару қажет екенін айтады. Министр бұл ойын Президенттің алдында сөйлеген сөзінен кейін әлеуметтік желіде толықтырып өтті. Бұдан бөлек, ол Астанадағы интернеттің жылдамдығына 27 тұрғын үй кешенінде базалық станцияларды орнатуға радиофобияшылардың қарсы екені кедергі келтіруде деп еді. Десе де, құрылғының түр-түрін қоюға рұқсат берсек те, интернеттің сапасы бас қаладан басқа жерде нашар. Елімізде халқы ең тығыз орналасқан Алматыда интернет желісінің жылдамдығы нашар. Шеткі аудандарды есепке алмағанда қаланың қақ ортасында тұратын тұрғындар әбден әбігерге түсетіндіктерін айтады. Олар ақшаның ауаға кеткенін де дәлелдей алмай дал боламыз дейді. Ақысы демекші, министр «Қазақстанда әлемдегі ең арзан интернет» екенін алға тартты. Бірақ оның бұл сөзімен айти мамандары келіспейді. Құрылығыны байланыс операторы шетелден доллармен сатып алса да, оның кірісін АҚШ валютасымен есептеу қисынға келмейтінін айтады. Сарапшылар, «бағаның сапаға сай болуы үшін шағын компанияларға мүмкіндік берілуі керек»,- деп отыр.
Ерболат Мәмен, IT маман:
Субсидияны да бір компания алып жатады да бізде. Конкуренция болмаған жерде даму да болмайды. Бірінші инвестиция жасау керек инфраструктураларға. Сосын субсидия. Негізі қазірде де бар ол субсидия. Бірақ соны ауылдық жерлерде көбейтіп, кішігірім компанияларға да беру керек. Негізі мүмкіншіліктерді ашып, сәл бюрократияны азайтса істеуге болады ғой. Үкіметтен де көп үміт күтуге болады.
Ал депутат Айдос Сарым радиофобиясы бар адамдардың интернет желісін қосуға кедергі келтіретіні жасырын емес дейді. Сондықтан, жаңа заң қабылдау керек екенін алға тартты.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Адамдар бір нәрсеге сеніп алса райынан қайтару қиындау. Сол сияқты қолдан жасалған дүниелер де жоқ емес. Сосын жаңағы мемлекеттік сараптамада жүріп жатыр. Білесіз, арнайы құрылғылар бар. Кез-келген үйдің қасына барып қояды. Қосады. Сонда интернеттің, әлеуметтік желілердің жылдамдығын есептеп отырады. Соның да кәртісі керек шығар. Сонда біз көріп отырамыз. Интернет - таза ауа, ауызсу, газ сияқты азаматтардың құқығының айнымас бөлігіне айналып кетті. Бір жағынан біз осыны заңдастырып бір бағытқа шығаруымыз керек шығар.
Айдос Сарым салаға бөлініп жатқан қаражат басы-бүтін жеткілікті дейді. Ал министр болса жылдамдығы жоғары желіні тарту үшін қомақты инвстицияның әлі де қажет екенін айтып отыр. Бір белгілісі мобильді операторлар Астанада 2027 жылға дейін 5 G-ге арналған 1 мың 200-ден астам базалық станция салмақ. Ал оған дейін сапасыз интернет үшін ай сайын шығындалып жатқан ел азаматтарына шағымданудан басқа амал жоқ.
Әйгерім Ердәулет