Алматылықтар 102 желісінің  қызметіне наразы

03.08.2018

«Аяқасты қиындықтарға тап болған кезде, тұтқаны көтермейді» - деп шағымданушылар көп. Алайда, құзырлы орган өкілдері «жұмысымызды барынша жақсартуға тырысып жатырмыз», - дейді.  Себебі, осыдан 4 күн бұрын ІІД-нің Жедел басқару орталығына жаңа арнайы бақылау мониторлары орнатылыпты. Бұл технология полиция қызметін жеңілдетумен қатар, уақыт үнемдеуге сеп.

 Алматы түрлі тәртіп бұзушылық күнде орын алатын ірі мегаполистің бірі. Тіпті, кешқұрым ғана емес, тапа-тал түсте де қылмыскерлерден жапа шегетіндер көп.  Ал, қалалықтар «102-ге хабарласқаннан еш қайыр жоқ», -дейді.

Әкежан Сағидрахманов, қала тұрғыны:

- Сабақтан қайтып бара жатқанда алдымнан екі үлкен бала шығып ұрып-соғып, сөмкемді алып кеткен. Оның ішінде ұялы телефоным, ақшам және әмияным болған.  Сол кез лезде қасымнан өтіп бара жатқан адамдардан телефон сұрап, 102-ге хабарлайын дегенде ұзақ уақыт тұрдым. Оларға қоңырау шала алмадым.

Тұрғындардың сөзінше, 102 жедел желісі ұзақ уақыт бойы босамайды. Кейде операторлар тұтқаны көтермейтін көрінеді.

Ерғали Қыдықов, қала тұрғыны:

- Осы жақында қымбат телефон сатып алып, оны ұрлап кетті. Сосын 102 нөміріне хабарластық.  Бірде  желі бос болмай тұрады, бірде мүлдем тұтқаны көтермейді.

Ал, полицейлердің пікірінше, кейбір ұялы байланыстарда 30 секундтық арнайы күту бұйрығы бар. «30 секундтан кейін ғана 102 желісімен байланыс орнатылады. Сондықтан, шағымданушы сабыр сақтап, операторлардың жауабын күтуі тиіс», - дейді олар. Әрі жаңа мониторлар қоңырау шалған адамның қайда тұрғанын бірден анықтау мүмкіндігіне ие. «Осылайша, азаматтарға көмек көрсету операциясы енді жедел орындалады», - дейді мамандар.

Андрей Квашнин, қалалық ІІД Жедел басқару орталығының басшысы:

- Біздің ең басты қызметіміз дер кезінде 102 нөміріне түскен барлық қоңырауды қабылдау.  Орталық 10 оператор орнымен қамтамасыз етілгендіктен, қызметкерлер күндіз-түні ауысып,  барлық қоңырауды қабылдайды. Соңғы 6 ай ішінде 373 000-нан астам адам телефон соғып, проблемаларын айтқан. Оның 28 000-ы қылмыстық іс, ал, 105 000-ы әкімшілік заң бұзушылық.

Мониторлардың артықшылығы, желі бос болмаса да, бірінші болып босаған оператор тұтқаны көтереді. Ал, қоңырау соғылған сәтте олар электрондық картаны толтырып, көмек көрсетуші топқа жібереді. Мұның тәртіп сақшыларының ақпаратты лезде алуына әсері көп. Полицейлер «жаңа технология жұмысымызды жеңілдетті», - деп отыр. Есесіне, қиындыққа тап болып емес, жай ермек үшін хабарласатындар көбейген. Сондықтан, олар мұндай азаматтарға 68 000 теңге көлемінде айыппұл салуды көздеп отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ             

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу